×

Бүгін «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толды

Ақпарат және қоғамдық даму министрі газеттің 110 жылдығы лайықты түрде аталып өтетінін айтты

Бүгін «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толды
inform.kz

Бүгін «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Осыған орай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында жазба жариялады. 

“2 ақпан – ұлт журналистикасы мен руханияты үшін атаулы күн. Себебі, осыдан 110 жыл бұрын ХХ ғасыр басындағы үміт пен үрейдің арасындағы арпалыс күресте ұлттың жоғын жоқтап, қажетін түгендеген «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан еді. Газет ұлттық ренесанстың бастауында тұрып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін мүлде бөлек арнаға бұрды.

Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімдерімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы”, – деп жазды министр.

Оның айтуынша, А.Байтұрсыновтың газеттің алғашқы санында жазған сөзі қазақ баспасөзінің ұранына айналды.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі «Қазақ» газетінің алғашқы санында жарық көрген мақалада айтылған еді. Бұл сөз ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналды.

«Қазақ» газеті қай заманда да халықтың үнін жеткізіп, уақыт сынына төзіп, өзіндік соны сүрлеуін қалыптастырды”, – деді ол.

Министр газет жарық көрген күннен бастап ең өзекті тақырыптарды қозғағанын айтып өтті.

«Қазақ» газеті жарық көрген күннен бастап ұлттың ең тағдыршешті де өткір мәсеселерін қаузады. «Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар!», «Қазақтан солдат ала ма?», «Земство не нәрсе?», «Ұры тию» секілді ұлттың жан-жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарды жұртпен бірге талқыға салды.

Тарихқа қарап отырсақ, «Қазақтың» жалпы 266 нөмері жарық көріпті. Алғашқы 40 нөмірін Мұстафа Оразаев бастырса, 41 нөмірінен бастап «Азамат серіктігі» арқылы басылды. 1913 жылы 44, 1914 жылы 48, 1915 жылы 71, 1916 жылы 48, 1917 жылы 46, 1918 жылы 9 нөмірі жарыққа шықты. Соңғы №266 саны – 1918 жылы 26 қыркүйекте оқырман назарына ұсынылды.

Тәуелсіз елдің бүгінгі баспасөзі де «Қазақ» газетінің азаткерлік ізімен ел қажетіне жұмыс істеп жатыр. «Қазақ газеттері» деген ардақты атты арқалаған жаңа құрылым да ата басылымның дәуірлік жүгін арқалап, болашақ үшін қызмет қылар деп сенеміз.

Сөзінің соңында министр бұл айтулы мерейтойдың лайықты түрде аталып өтетінін айтты.

«Қазақ» газетінің 110 жылдығы лайықты атап өтіледі. Шығатын ғылыми сараптамалар, архивтен алынатын тың материалдар мен түрлі телевизиялық түсірілімдер ұлт баспасөзі темірқазығының атын асқақтатары сөзсіз”, – деп жазды министр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Бұл туралы 2024 жылдың көктемінде хабарланды
Бұл комикс - оқырмандарға қызық әлемге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайды
Бұл жөнінде “baurynasalu.film”  Instagram парақшасында хабарланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →