×

Қазақ қуыршақ театры Канадада «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды

«Ромео мен Джульетта» қойылымымен қатысты

Қазақ қуыршақ театры Канадада «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Канада мемлекетінің астанасы Оттава қаласынан «Гран-при» жүлдесімен оралды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өнер ұжымы І Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестиваліне тұңғыш рет «Ромео мен Джульетта» қойылымымен қатысты.

Солтүстік Америка материгінде орналасқан, жер аумағы бойынша дүниежүзі елдері арасында екінші орын алатын, табиғаты мен мәдениеті күллі әлем бойынша көптеген адамдарды қызықтыратын Канада мемлекетінің астанасы Оттава қаласында тұңғыш рет І Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалі жаздың шуақты да көрікті шілде айында өткізілді. Канадалық көрермендерге дүниежүзінің қуыршақ өнерлерін таныстырып, халықаралық шығармашылық пен ынтымақтастықты көздеген мәдени іс-шараға еліміздің көк туын ұстап қатысқан алғашқы қазақстандық өнер өрдасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры болды. Аталмыш театрдың шығармашылық ұжымы фестиваль аясында канадалық көрермендердің назарына өз репертуарындағы ерекше қойылымдардың бірі, ағылшын драматургы Уильям Шекспирдің әйгілі трагедиясы желісімен сахналанған, нәзік те таза махаббаттың құдіретін сездіретін «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынды. 


Қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі 2019 жылы белгілі режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен жарыққа шықты. Ересектерге арналған бұл қойылым өзінің ерекше қуыршақтарымен және сахналық шешімдерімен премьерасы өткізілген кезден бастап көпшілік көрермендер мен театр сыншыларының жоғарғы бағасын иеленген еді. Бірталай халықаралық және республикалық деңгейдегі театр фестивальдерінде де бақ сынап, бұл қойылым қуыршақ театрының абыройын асқақтатқан. Мысалы, 2022 жылы аталмыш спектакль Болгария Республикасы Варна қаласында өткен халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрлар фестивалінде үздік деп танылып «Гран-при» жүлдесіне, «Ең үздік ер адам» жүлдесіне, «Ең үздік дебют» жүлдесіне лайықты болған. Ал оған дейін 2021 жылы Қарағанды қаласында өткізілген және көбіне отандық драмалық театр ұжымдары қатысқан Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық театрлар фестивалінде І орынды жеңіп алған. Сонымен қатар «Ромео мен Джульеттаның» өзге де фестивальдік жетістіктері мен жеңістері жетіп жатыр. 

Көркемдік деңгейінің жоғары болуына байланысты канадалық көрермен назарына ұсынған бұл қойылым мемлекет астанасының орталығында орналасқан Оттава Университетінің «Academic Hall» сахнасында 3 және 4 шілде күндері сахналанды. Канадалық азаматтар да, аталмыш елде тұрып жатқан отандастарымыз бен қандастарымыз да спектакльді тамашалап, зор қошемет пен жылы лебіздерін білдірді.