Облыста балабақшаға сұраныс артқан
Нұргүл Тау Алматы облысында білім берудегі күрмеулі мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін Алматы облысында Respublica партиясының Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау және Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек жергілікті мәслихат депутаттарымен бірге бірнеше мекеменің жұмысымен танысып, мамандармен кездесті.
Кездесуде білім беру саласындағы бірқатар түйткілдер мен балабақшалар мәселелері көтерілді. Мәжіліс депутаты халықпен кездесу барысында атқарылған жұмыстар жайлы, соның ішінде өңірлерде кейбір шешімін тапқан мәселелер, вейптер туралы ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар, жергілікті “Білім-инвест” қауымдастығының өкілі Алматы облысында 960 балабақша бар екенін атап өтті. Облыста балабақшаға сұраныс артқанымен, соңғы 2 жылда жаңа орындар ашылмаған. Себебі балабақшаларға қойылып отырған талаптар күшейіп, тексерістер арта түскен, дейді мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің өкілдері.
Нұргүл Тау мәслихаттардың жыл басында жұмысқа кірісу қажеттігін, жеке балабақшалар бір жылда барлық 12 айға келісімшарт жасасуға құқылы екендігін айтып және осы мәселені барлық өңірге жеткізуге тырысамыз деді. Сонымен қатар, халық қалаулысы жеке кәсіпкерлер мен меценаттардың білім беру саласына қосқан үлесін бағалаудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан басқа, депутат "CES for You" ағылшын тілін үйрету орталығында және Қазақ-Британ халықаралық жекеменшік мектебінде болып, ұйымдардың жұмысымен танысты.
"Білім саласы – қоғамның болашағын қалыптастыратын маңызды сала. Біз әрбір баланың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет, кәсіпкерлер және меценаттар бірігіп жұмыс істеуі қажет," – деді депутат Нұргүл Тау.
Кездесу соңында депутат жаңа партия мүшелеріне ресми партиялық билеттерін табыстап, Respublica партиясының Парламент қабырғасында атқарып жатқан жұмыстары мен заңнамаға енгізілген өзгерістер, партия ықпалымен күшіне енген заңдар туралы айтып берді.