Оқушылар бірнеше мультфильмді дыбыстаған
№202 мектептің егіз оқушысы қазақ тіліндегі мультфильмдерді ағылшын тіліне аударады. Бұл жұмысты жақында олар ғылыми жобаға айналдырып, қалалық білім сайысында екінші орын алған. Оқушылардың бұл ізденісі өз қатарластарымен бірге басқа мектептердің мұғалімдерінің қызығушылығын туғызған. Qaz365.kz тілшісі оқушылармен және олардың ғылыми жетекшілерімен тілдесіп, жобаның бірегейлігі неде екенін білді.
Мунира мен Муниса Сәдуақас бір сыныпта оқиды. Қазақ сыныбының оқушылары.
«Біздің ғылыми жобамыз – бүкіл мультфильмдерді аударып, дыбыстау арқылы жоғары сыныпта ағылшын тілін үйрену. Біздің жобамыз міндетті түрде қазақша мультфильмдерді ағылшын тілінде аударып, сол бағытты таңдадық. Мектептегі теориядан басқа практика жүзінде қолдану. Қалалық сайыстан екінші орыннан көріндік. Тесттен өтсек, республикаға кетеміз. Біз 67 мектеппен жарысып осындай нәтижеге жеттік. Сайыста 1, 2, 3 орын алғандар тест тапсырады. Ол ағылшын тілінен деңгейлік тест болады. 120 сұрақ беріледі екен. Толық жауап берсек, республикалық деңгейге өтеміз», - деді егіз қыздар.
Мунира мен Муниса қалалық сайыста 100 баллдың 87-ін жинаған. Бірінші орын алған топ 91 балл алған.
«Жоба туралы идея былтыр оқу жылында келді. Бізде ағылшын тілін сабақ беру кезінде тыңдалым, сөйлеу дағдысын арттыру үшін балалар мультфильмдерден бір бөліктерін көрсетеміз. Бірақ қазақша емес. Netflix-тің мультфильмдерін немесе киноларын көрсетіп жүрдік. Қыздар сол кезде «неліктен қазақша мультфильмді көрмеске» деген идея тастады. Ол ойды құптадық. Сөйтіп, 8-9 сыныптар арасында апталық кезінде жарыс ұйымдастырдық. Ол кезде қазақша анимациялардың үш-бес минуттық балаларға ұнаған аралығын алып, дыбыстау керек болды. Сөйтіп, мектепішілік сайыс қылып өткіздік. Соның ішінде Мунира мен Муниса бірінші орын алды. Содан әрмен қарай қыздардың қызығушылығы барын көріп, ғылыми жобаға айналдырып, тақырыпты дамытып келеміз», - деді мұғалімі Әлия Темірбек.
Қыздар бірнеше мультфильмді дыбыстаған. Соның ішінде ғылыми жобаға «Сақ» киностудиясы түсірген 22 минуттық «Қажымұқан» мультфильмін алып барған. Оқушылар үш рет дыбыстап, дауыс нақышын келтіріп, актерлік дауысқа бағыттап, ғылыми жобаға үлкен зер салған. Мектептегі бірнеше сыныпқа аталмыш ғылыми жобаны, аударманы көрсеткен. Сонда көргендер «субтитр қоссаңдар жақсы болады» деп кеңес айтты. Сол бойынша жобаға барғанша қайта дыбыстап шықты. Мунира мен Муниса ғылыми жобаны ер балалардың дауысын қосып, субтитрмен жазып, қайта жазып шыққан.
Ғылыми жоба жетекшісі «Мұзбалақ» мультфильмін түсірген Тұрдыбек Майданға жолығып, сол кісінің рецензиясын алған. Ол оқушылардың талпынысын жоғары бағалап, «өте жақсы» деп баға берген. Тұрдыбек Майдан үш-бес минуттық анимацияларды жасауда осы оқушыларды алдағы уақытта шақыруға уәде еткен.
«Тәжірибені тарату мақсатында «Дарын», «Нұрорда» мектебінің оқушыларына еңбегімізді көрсеттік. Ол жақта да көбіне ұнады. «Дарын» мектебінің директоры жобаға үлкен қызығушылық танытты. Оған жобаның әдістемесін ұсынбақпыз. Себебі алдымен мульфильмді таңдау, мәтінмен жұмыс істеп, өзге де оқушылардың шығармашылық дамуына атсалыссақ деген жоспарымыз бар», - дейді Әлия Темірбек.
Қазақ тіліндегі мультфильмдердің мағынасын өзгертпей, ағылшын тіліне аудару оңай емес. Бір сөзді қайталай бермей, синонимін қолдану керек. «Әлқисса» сөзінің мәселен, ағылшын тілінде баламасы жоқ. Осындай күрделі де қызықты жұмыстар оқушы қыздарды ынталандыра түскен.
«Бұл жоба не береді? Тілді ғана дамытып қоймай, баланың шығармашылығын толық дамытады. Ол жерде бірінші мәтінмен жұмыс, аудару, дыбыстау, сол кезде актерлік эмоцияға берілу, сол кейіпкердің рөліне кіріп, сезіну, жыласа жылау, күлсе күлу – бәрін сапалы көрсетсе ғана жақсы шығады. Дыбыстаудан кейін монтаждау, біріктіру жұмыстары тағы бар», - дейді мұғалім.
Оқушылардың арманы асқақ. Олар келешекте нейропсихологияны меңгеріп, ерекше қажеттілігі бар балаларға ағылшын тілін үйретуді мақсат етеді. Тіл үйрететін мектеп ашқысы келеді. Екеуі ағылшын тілімен қатар түрік тілін оқып жатыр.