Заң Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді
Қазақстанда халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына "Болашақ" бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл норма сенат депутаттары мақұлдаған заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сенат депутаттары бүгін, 23 қаңтарда мәдениет, білім және тәлімгерлік мәселелері бойынша жаңа нормаларды мақұлдады. Сенатор Алтынбек Нұхұлының айтуынша, заңның мақсаты – баланың құқықтарын қорғау, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Заң аясында жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институтын реттеу үшін "тәлімгерлік жөніндегі ұйым" ұғымы енгізіледі.
Сонымен қатар "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының заңына қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құруды, қазақ тілінің барлық стилі мен жанрының мәтіндерін қамтитын ақпараттық-анықтамалық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын құруды, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желіге негізделген қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ауқымды тіл моделін қалыптастыруды көздейтін түзетулер енгізіледі.
Заң аясында Халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына гранттар беру және "Болашақ" бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл шаралар жастардың білімге ұмтылысын арттыруға, болашағынан ерекше үміт күттіретін, өзгеше ойлап, ертеңіне сеніммен өсіп келе жатқан дарынды жастарды қолдауға бағытталған.
Заң Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.