Қалалық және ауылдық мектептер үшін бірыңғай білім беру стандарттары енгізілуде
Қазақстанда мектептерді реновациялау бойынша ауқымды жоба басталды, енді қалалар мен ауылдарда білім беру жағдайы жақсара түспек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрлік мәлімдеуінше, Қазақстанда орта білім беру ұйымдарының 67%-ы (5236 мектеп) аудандық және ауылдық жерлерде орналасқан. Ол білім беру ошақтарында 1,6 миллион бала оқиды. Қалалық және ауылдық мектептер үшін бірыңғай білім беру стандарттары енгізілуде.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес таяудағы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде 1231 мектепті реновациялау жоспарлануда, оның ішінде 820 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан. Оқу-ағарту министрлігімен мектептерді реновациядан өткізудің жиынтық жоспары бекітілді, облыс әкімдіктері 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік жоспарларды әзірледі. Реновациядан өткізуде мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл шаралар мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, инновациялық білім беру технологияларын енгізуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік дерегіне сәйкес, жоба үш жылда жүзеге асырылады. Яғни, 2025 жылы – 262 мектеп, 2026 жылы – 436 мектеп, 2027 жылы – 466 мектеп. Қосымша 2028-2029 жылдары Жамбыл облысында 67 мектеп жаңғыртылмақ.