Шымкент қаласы білім сапасы бойынша өңірлер ішінде ең соңында тұр. Қаладағы 150 мектептің 74-і мақсатты мектептердің санатына жатады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сәрсен Құранбек бұл жылдар бойы қордаланған мәселе екенін айтады. 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдердің өзі арнайы тестен өте алмаған. Ал 70 мектептің ішінде аттестациядан 52 білім ордасы өте алмай қалаған. 301 ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыға жеке оқу жұмыс жоспары жасалмаған.
«Кадр құрамы бойынша бұзушылықтар анықталды. Біліктілік арттыру курсынан уақтылы өтпеген 579 педагог анықталды. Бес жылда бір де бір рет санат деңгейін арттырмаған 124 педагог болған. Қырық мектептің ішінде 8 мектептің басшысына тәртіптік шара берілді. Себебі, мұғалімдерге мемлекет тарапынан біліктілік арттыру курстарына қатысуға қаражат бөлінгенімен, кейбір мектептерде 20 мұғалімге дейін ол курстардан өтпеген», - дейді Сәрсен Құранбек.
Сондай-ақ қала әкімінің сөзінше, білім ордасында оқып жатқан оқушы саны құжатқа сәйкес келмейтіні және кейбір мекемелерде тізімде көрсетілген оқушылардың барлығы бірдей үйірмеге қатыспайтыны анықталған.
«Деректердің өзі сәйкес емес. Мектептен оқып жатқан балалар мен Ұлттық білім қорына толтырылған деректер екеуі екі түрлі болып шықты», - дейді қала әкімінің орынбасары.