Ол Алматы қаласындағы №173-мектеп лицейде білім алады
Алматы қаласындағы №173-мектеп лицейдің 10-сынып оқушысы Қаныбек Қыдырәліұлы ұлттық бірыңғай тестілеуден 139 балл алған. Ол Qaz365.kz тілшісіне 11-сыныптан кейін тапсыратын ҰБТ-ға қалай дайындалып жатқанын айтып берді.
Қаныбек Қыдырәліұлы Алматы қаласында туып өскен. Әкесі құрылыс компаниясында жұмыс істейді, ал анасы – үй шаруасындағы әйел.
Ол ҰБТ-ға дайындықты ерте бастауына не түрткі болғанын айтты.
Қазақстанда оқығым келеді
«Мен ҰБТ тапсырып, бағымды сынап көргім келді. Ол үшін ұзақ әрі жіті дайындалдым. Сол себептен болар, бұл тестілеу маған сондай қиындық тудырмады. Сондай-ақ бұл бір сәтте оп-оңай жете қоятын нәтиже емес. Оған дұрыстап дайындалу қажет. Мысалы, мен бұл тестке 9-сыныптан бастап бір жарым жылдай уақыт дайындалдым. Бұлай дайындықты ерте бастауыма жоғары оқу орындары туралы біліп, іздей бастауым себеп болды. Қазақстанда оқығым келеді. Бүгінде SDU университетін таңдап отырмын. Маған бұл оқу орнының білім сапасы, ішкі атмосферасы мен оқу үдерісі ұнайды. Қазіргі кезде мамандықты нақты таңдағаным жоқ. Бірақ инженерлік бағытта болуы мүмкін», – дейді ол.
ҰБТ-ға күнделікті шамамен жарты күнімді арнадым
Қаныбек физика пәні бойынша пәндік олимпиададан 9-10-сыныптарда аудан бойынша I орын, 10-сыныпта қала бойынша III орын иегері атанған. Физика мен математика пәндерін 7-сыныптан бастап ерекше қызығып оқиды.
«Мен математикаға кішкентай күнімнен есептер шығарып, қызыға бастадым. Сол қызығушылық мені бүгінде жақсы нәтижеге жеткізіп отыр. Күніне нақты осынша есеп шығару деген қағидам жоқ. Бастысы өзің үшін ұмытып қалмайтындай қайталап, дайындалып жүру керек. Мысалы, мен ҰБТ-ға күнделікті шамамен жарты күнімді арнадым. 10-11 сағаттай дайындалдым», – дейді Қаныбек.
Сондай-ақ ол қазір жасанды интеллектің де пайдасын көріп жүргенін, сонымен қатар оның кемшін тұстарын да айтып берді.
«Маған Жасанды интеллект кей деректерді аз уақыттың ішінде табуға, оны қолдануда көмектеседі. Бірақ жасанды интеллектіні есеп шығаруда толықтай қолдану мүмкін емес. Кемшіліктері бар. Тек оңай тапсырмалар мен есептеулерді жасап беруі мүмкін. Бірақ күрделі есептер мен логикалық сұрақтарға қате жауап береді. Жасанды интеллектке байланып қалу еріншектікке, қателесуге, дұрыс емес нәрсеге сеніп қалуға әкеледі. Жалпы есеп шығару адамның ойлау жүйесін дамытады. Ал ол есепті жасанды интеллектке шығартып жатсақ, онда оның түк мағынасы болмайды. Мен қазірге Chat GPT-ді керек мәліметтерді алуға ғана қолданамын, – дейді оқушы.
Оқушыларға кеңес: ҰБТ сұрақтарын жаттау – қате тұжырым
Ізденімпаз оқушы ҰБТ-ға дайындалу үшін бірнеше кеңесін бөлісті. Оның сөзінше, ҰБТ сұрақтарын жаттау – қате тұжырым.
«Бірінші кеңесім – әр күніңді дұрыс әрі тиімді пайдалану керек. Сабақ оқуға күнделікті бір сағат уақыт бөліп, ізденіп, қатемен жұмыс жасау керек. Екінші кеңесім – әр күн сайын 5-10 минут уақыт арнап сол күнге жоспар құру керек. Ол жоспар арқылы өзіңнің қай уақытта не істейтініңді және көп істі тиянақты ретімен жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ҰБТ сұрақтарын жаттап алу дұрыс емес. Мысалы, бірнеше сұраққа жақсы дайындалдың делік, бірақ ол тестілеу кезінде басқаша болып қойылса, онда оны түсінбей қаласың. Сол себепті тақырыптар бойынша білімді жетілдіріп, дайындалуға тырысу керек. Бірінші мақсат – тақырыпты толықтай меңгеріп шығу. Бір тақырыпқа бір ғана сұрақ емес, бірнешеуі келуі мүмкін. Кейде ол сұрақ түрленіп, өзгеріп отырады. Ондай жағдайда бұл әдіс мүлде тиімсіз. ҰБТ сұрақтарын жаттау – бұл қате тұжырым деп есептеймін», – дейді ол.
Қаныбек өзіне білім мен тәлім-тәрбие беріп жатқан барша ұстаздарына зор алғысын білдірді.