Білім беру саласындағы жемқорлық
Қызылорда облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қызылорда қаласының білім бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Ол өзінің туысын ведомстволық бағынысты ұйымның педагогы ретінде жұмысқа орналастырғаны үшін қала тұрғынынан 1 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе қаласының білім бөлімінің бас маманына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ол өзіне артық белгіленген норманың жалақысын негізсіз аудару арқылы 4,9 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде. Тергеу жалғасуда.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандық соты Балқаш ауданының білім бөлімінің басшысы Д. Ақмолдаеваға және осы бөлімнің 8 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Олар 129,6 млн теңге сомасында бюджет қаражатын өзіне артық жалақы аудару арқылы жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Ақмолдаева мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бухгалтерлерге мемлекеттік қызметте 3 жылдан 10 жылға дейін қызмет атқаруға тыйым салынып, 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазасы тағайындалды.