Университет бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша білім береді
Бүгінде дін тақырыбы әлеуметтік желіде жиі талқыланатын тақырыптардан. Себебі халықтың руханиятқа деген сұранысы жоғары болғандықтан, дінге жанашыр мамандармен қоса дінді пайдаланушылар да әлеуметтік желілерде белсенді. Осындай түйткілді тақырыптарға тың серпіліс беру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайшылығымен құрылған Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап ашық есік күнін өткізді деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Біз қашанда БАҚ өкілдеріне ашықпыз. Барлығымыздың мақсатымыз ел болашағы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ынтымақта қызмет ету. Қазіргі ақпараттық экспансия күшейген кезеңде қазақ қоғамын дініміз бен дәстүріміз арқылы қорғап, келешек ұрпаққа аманат ету. Нұр-Мүбарак университеті отандық діни мамандарды даярлап қана қоймай, ғылым саласын дамытып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аясында қоғамға барынша пайдалы болудың жолында қызмет етіп келеді», – деді университет проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар.
Сондай-ақ қазір 2409 адам үш сатылы деңгейде (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім алса, оларды даярлауда зайырлы қоғам талаптары мен ұлттық таным негіздері жан-жақты қамтылатынын атап өтті. Бүгінде Нұр-Мүбарак университетінде білім алуға басқа мамандық иелерінің де сұранысы жоғары. Екінші жоғары білім (ЕЖБ) бөлімін таңдаушылар теология, дінтану бойынша білім алса, биылдан бастап исламтану бағыты қосылды. Діни сауаттылыққа ұмтылушы топқа өте үлкен серпіліс болған екі жылдық ЕЖБ бөлімі 2019 жылы ашылып, оны осы кезге дейін 166 түлек тәмамдады. Ал қазір 138 студент білім алуда.
2001 жылы ашылған университетті осы кезге дейін исламтану, дінтану, теология, шетел филологиясы, аударма ісі мамандарын қосқанда, 2543 түлек бітірген (88%-ы жұмыспен қамтылған). Олар ҚМДБ-дан бөлек, мемлекеттік мекемелер, аймақтық Дін істері басқармалары, діни зерттеу орталықтары, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі, түзету мекемелері, білім беру салаларында қызмет етуде.
Оқытушы-профессорлық құрамда отандық білікті ғалымдармен қатар, Мысыр мен Түркиядан келген 24 доктор, профессор бар. Халықаралық деңгейде 22 шетелдік әріптес университетпен келісімшарт аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары, конференциялар мен семинарлар, ғылыми-зерттеу жобалары тұрақты түрде жүзеге асуда. Жастарға діни білім мен ғылыми ізденістерін өз елімізде меңгеру мүмкіндігі барынша даму үстінде.
Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті Ұлттық рейтингке қатысқан 2018 жылдан бері (IAAR және т.б.) отандық ЖОО-лар арасында ТОП-20 үздіктер қатарында:
Нұр-Мүбарак университетінің жанынан құрылған ғылыми-зерттеу орталығы 2011 жылдан бері ұлттық және мемлекеттік мүддеге сай ауқымды бағдарламалар мен мемлекеттік гранттық жобалар, ішкі жобаларын жүзеге асырып келеді. Мемлекет тарапынан 2016 жылдан бері діни радикализм мен экстремизм мәселелерін зерттеуші Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясы да түрлі жобаларды жемісті атқаруда.
Университет проректоры Ершат Ағыбайұлының айтуынша, әлеуметтік желіде дінді психологиялық мәселелерге орынсыз пайдаланушыларға қарсы Діни психологтар ассоциациясы құрылды. 2024 жылы желтоқсанда құрылған қауымдастықтың мақсаты киберкеңістіктегі кәсіби діни психологияның әлеуетін арттыру. Осылайша қоғамның сауаттылығын күшейтуге атсалыспақ.
Қазақ қоғамының руханияты мен діни тұрақтылығы саласындағы сан түрлі сауалдарға сауатты әрі байсалды қадамдар жасап жүрген Нұр-Мүбарак университетіндегі ашық есік күні БАҚ өкілдеріне тың серпіліс сыйлады. Қоғамда көзге көрінбейтін қыруар еңбектің ішкі әлемімен танысқан журналистер басқосуы қасиетті айдың берекелі ауызашарымен жалғасты.