Елімізде ғылыммен айналысатын қызметкерлер саны 25,4 мыңға жетті
Соңғы жылдары елімізде ғылым мен білім саласына ерекше назар аударылып, жас ғалымдарды қолдау мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асып келеді. Мәселен, ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 2025-2027 жылдарға 531,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, жыл басынан бері 36 жас ғалым тегін негізде пәтер алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ел дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – ғылым мен инновацияның алға басуы. Осыған сәйкес, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары арасында халықаралық ынтымақтастық кеңейіп, жас ғалымдарға шетелде білім алу және тәжірибе жинақтау мүмкіндігі берілуде.
Шетелдік ғалымдармен бірге жұмыс істеу – кең таралған тәжірибе
Қазір елімізде ғылыммен айналысатын қызметкерлер саны 25,4 мыңға жетті. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келе жатыр. Оның ішінде 46%-ға жуығы жас ғалымдар. Биыл 2297 ғылыми жоба мен 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдар ғылыми қызметке белсенді түрде тартылып, олардың қатысуымен 1055 жоба іске асырылуда.
– «Қалаған адам жол табады, қаламаған адам сылтау табады» деген сөз бар. Бүгінде ғылымға ынтасы бар, өз болашағын ғылыммен байланыстарған жастарға мүмкінідіктер көп. Мелекеттік қолдаудың бір-ақ мысалын айтайын. Ол 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан, жас ғалымдарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін берілітін гранттық қаржыландыру. 2021 жылдан 2024 жылға дейін «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 16 конкурс өткізіліп, нәтижесінде 2 мыңнан астам ғылыми жоба қаржыландырылды. Бұл бастама еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға және жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. «Жас ғалым» жобасы әсіресе докторлық диссертациясын қорғайын деп жүрген жастарға таптырмас мүмкіндік дер едім, – деді ҚазҰУ-дың Инжинириннг және ғылымды қажет ететін технологиялар кластерінің Бас директоры Әмірхан Темірбаев.
Оның айтуынша, жаһандану ғасырында шетелдің кез-келген ғалымымен бірлескен ғылыми жұмыстар жасау, ортақ жобаларды жүзеге асыру – кеңінен таралған тәжірибе. Ғылымды коммерциаландыру саласын қарастырғанымызда елімізде осы саланы дамыту үшін АҚШ, Израиль, Қытай сияқты елдердің тәжірибесін пайдалану қажет екенін алға тартты. Оның себебін аталған елдердің инновациялық экожүйелерді дамыту механизмдері өздерінің тиімділігін бүкіл әлемге көрсеткенімен түсіндірді. Ғылымның кең қанат жаюы жастардың ізденісіне тікелей байланысты. Алайда кей салаларда автоматтандырылған жүйенің етене енуі жұмыс күшін жеңілдеткенімен, қызметкер санын қысқартуы мүмкін деген үрейдің бары шындық. Әмірхан Темірбаев осындай ауқымды тақырыпты технологиялық тұрғыда емес, философиялық, құқықтық жағынан да терең зерттеу керегін айтты.
– Жасанды интеллект және онымен байланысты барлық технологияларды қабылдау – бүгінгі күннің шынайы болмысы. Бұл шынайылықты аксиома ретінде қабылдау керек деп ойлаймын. ЖИ технологиясының осыған дейінгі адамзат ойлап тапқан технологиялардан бір ерекшелігі бар. Бұрынғы технологияларды біз тек құрал ретінде пайдалансақ, ал ЖИ өзі дербес жұмыс жасай алады, және ең бастысы үнемі дамып отырады. Алдағы бірнеше жылда ЖИ-агент деген дүние адамдардың күнделікті көмекшісіне айналады деп күтілуде. Бұл өз алдына тағы бір серпіліс болары анық. Дегенмен, ЖИ-дің этикалық мәселелері өзекті әрі күрделі мәселелерінің бірі. Бұл сала тек технологиялық емес, философиялық, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан да терең зерттеуді қажет етеді. Соның ішінде мені ойландыратыны жалған ақпарат пен deepfake, себебі ЖИ арқылы жасалған фейк контенттер қоғамда саяси, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін, – деп тұжырымдады ол.
Ғылымға жаңа стратегиялар мен бағдарламалар
Ғылымның түрлі салаларындағы дамуы мен өрлеу деңгейі әр өңірдің әлеуетіне байланысты. Сарапшылардың айтуынша, өңірлік инновациялық экожүйелердің өзегі өңірлік ғылым саналады. Өкінішке қарай, Қазақстанда өңірлік ғылымның жағдайы әлі де болса төменгі деңгейде екенін жиі айтып жүрген ғалымдар бар. Олар келтірген дерек мынадай: еліміздің ғылыми әлеуетінің үштен екісі (65%) Алматы, Астана және Шымкент қалаларында шоғырланған екен. Осы қалалардағы мың тұрғынға шаққанда зерттеуші мамандардың саны 3-4 адамды құрап отыр, бұл Канада (3,9) және Польша (3,2) сияқты елдермен пара-пар. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш басқа өңірлерде 20 есе және одан да көп төмен екені анықталған. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру көлемі Алматы және Астана қалаларында барлық ішкі шығындардың 66%-ын, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ын, гранттық қаржыландырудың 75%-ын құрайды.
– Жоғары оқу орындарында көптеген білікті ұстаздар қызмет етеді. Түлектер сол жерде қызмет атқарғандардың ғана тәлімін алады. Меніңше, оқу ордасында жас мамандарды даярлау үшін берілетін 4 жыл аздық етпейді. Ол маманның бәсекеге қабілетті болуынан туады. Білесіздер, қазір қаншама қолдау, ғылыми қызметкерлерге жеңілдетілген гранттар бөлініп жатыр. Университетімізде де ғалымдарға, ғылыми зерттеушілерге мотивациялық жағынан да, қаржылай да көмектеседі. Өйткені ғылымды дамыту, жастарға ортақ мотивация беру, осы тұрғыда жас ғалымдардың кеңесін құрып түрлі тақырыпты талқылау, шәкірттерді тәрбиелеу бағыттарында қолдау көп. Одан бөлек жас ғалымдардың жеке жұмысына арналған конкурстар көп. Шынында ғылыммен айналысатындар болса, осы конкурсқа қатысып грант ұтып алуға мүмкіндік көп. Егер ғылыми жұмысыңыз негізінде тағы біраз зерттеулер жазатын болсаңыз, жалақы үстемелейді. Мұндай жүйе еліміздің біраз университеттеріне енгізілген, – дейді Мәншүк Мұратқызы.
Ғылыми зерттеулердің коммерциялануы мен жаңа технологиялардың, идеялардың өндіріс процесіне енгізілуі әлсіз болуынан бірқатар мәселелер туындайды. Оларды шешу үшін Мәншүк Мұратқызы Қазақстанда жас ғалымдардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына ықпал ететін жаңа стратегиялар мен бағдарламалар қажет екенін алға тартты. Сонымен қатар, ғылыми қоғамдастықтың бірлігін қамтамасыз етіп, жас ғалымдардың әлеуетін толық ашуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізу маңызды.
– Қазіргі жас ғалымдар үшін, зерттеушілер үшін шетелдік тәжірибелерді алмасу үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселен, өзім ғылыми жұмыспен шұғылданғанда, міндетті түрде шетелдік ғалымдардың еңбегіне, тәжірибесіне сүйенуді жөн санаймын. Ғылыми зерттеуімнің көбінде бұл құбылыс кездеседі де. Олармен әліге дейін тығыз байланыста отырмыз. Мысалы, ҚХР-дағы Цинзян университеті, доктор Каджак бар, Пәкістандағы Карач университетінде доктор Мухамед Икбал деген ғалым бар. Қазір Түркиядағы Стамбул медициналық университетінде доктор Ахметбеймен, Мугла университетінде доктор Мехмет Өзтүрік ғалымдармен тікелей жұмыс істейміз. Қазір өзімнің екі докторантым бар. Бірінің ғылыми жетекшімі жаңа айтқан Мехмет Өзтүрік. Осылайша шетелдік ғалымдармен, профессоолармен жұмыс істеу арқылы жас ғалымдарымыз шыңдалады, өресі көгереді. Жас ғалымдарға зерттеу жүргізуге арналған мүмкіндіктерді кеңейту үшін ғылыми-зерттеу институттарында заманауи жабдықтар мен құралдардың болуы да маңызды. Бұл зерттеулердің сапасын арттыруға, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді халықаралық деңгейде жариялауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Ғылымды коммерцияландыру – ғылымды халықтың игілігіне жарату
Ғылымды коммерцияландырудың басты мақсаты – ғылыми жаңалықтарды өндірістік секторға енгізу, ғылыми жұмыстардың нәтижелерін халықтың игілігіне жарату. Бұл үшін ғылыми-зерттеу институттары мен кәсіпкерлер арасында тығыз қарым-қатынас орнату алдыңғы қатарда тұр.
– Жас ғалымдар өз зерттеулерін жүргізуде жаңа тәсілдер мен инновациялық шешімдер іздейді. Олар жаңа технологиялар, жасанды интеллект, биотехнологиялар, экология және басқа да маңызды бағыттар бойынша зерттеулер жүргізеді. Бұл саладағы жас ғалымдардың жетістіктері Қазақстанның ғылыми және техникалық прогресіне зор үлес қосады. Жас ғалымдардың жұмысына қолдау көрсету мақсатында ғылыми-зерттеу институттарында және университеттерде түрлі ғылыми алаңдар мен стартап жобалары ұйымдастырылуда. Қазақстанда жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары арасында жас ғалымдарды ынталандыру және олардың ғылыми жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары іске асырылуда. Бұл еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, жас мамандардың кәсіби дамуына ықпал етеді, – дейді техника ғылымдарының докторы Мейірбек Исанбаев.
Қазіргі кезде жас ғалымдарды қолдау елдің болашақ дамуында маңызды рөл атқаратыны анық. Әрбір жас ғалымның жаңашыл идеялары мен зерттеулері Қазақстанның ғылымы мен экономикасына үлкен үлес қосуы мүмкін. Жас ғалымдарды қолдаудың тиімді жүйесі тек қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар ғылымның беделін арттыру, халықаралық тәжірибе жинақтау, ғылыми-зерттеу институттарында жақсы жағдай жасау, және жас ғалымдар қауымдастығын құру сияқты кешенді шараларды қамтуы тиіс. Бұл қадамдар Қазақстанның ғылымының болашағын айқындап, жас ғалымдардың халықаралық ғылыми қоғамдастыққа енуіне жол ашады.