×

ҚазҰУ ғалымдары аллергияға қарсы спрей жасады

Ғалыммен сұхбат

ҚазҰУ ғалымдары аллергияға қарсы спрей жасады
Фото: Qaz365.kz

Әлібек Ыдырысұлы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD, профессор, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Scopus базасында мақала жариялау бойынша ұлттық университет ғалымдарының алғашқы ондығына енген. Бакалавр дәрежесінде генетика мамандығында білім алып, Еділбай, Шу, Сарыарқа, Шыңғыс қазақы қойларының генетикалық әртүрлілігін зерттеген. Магистратура мен доктарантурада геоботаника мамандығында оқыған. Қазір биомедицина ғылыми-зерттеу орталығында ауқымды зерттеулермен айналысады. Нақтырақ айтқанда дәрілік өсімдіктерден алынған биологиялық белсенді заттарды зерттеумен айналысады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Біз Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫМЕН орталықтағы зерттеулер нәтижесі жайында әңгімелестік.

–        Алдымен геоботаника туралы айтып өтсеңіз.

–        Магистратура мен докторантурада геоботаника мамандығы бойынша оқыдым. Бұл негізінен сирек кездесетін, эндемдік Қызыл кітапқа енген және дәрілік өсімдіктердің таралуын зерттеуге бағытталған. Ғалымдар олардың қазіргі жағдайын, жойылып бара жатқанын немесе қалпына келіп жатқанын бақылайды. Егер өсімдіктер дәрілік болса, олардың шикізат қоры жеткілікті ме, жоқ па соны зерттейді.

–        Докторлық диссертацияңызды қандай тақырыпта қорғадыңыз?

–        Докторлық жұмысым эндемдік өсімдіктердің алуан түрлілігіне арналды. Кейіннен зерттеу бағытым өзгеріп, биофизика және биомедицина кафедрасына ауыстым. Қазір осы зерттеу орталығының базасында биомедициналық зерттеулермен айналысып жүрмін. Дәрілік өсімдіктерден алынған биологиялық белсенді заттарды зерттейміз. Соларды пайдаланып әлеуметтік маңызы бар ауруларды (қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, обыр) алдын алу және емдеу үшін қолдану мүмкіндігін зерттейміз.

–        Зерттеу орталығы қашан, қалай құрылды?

–        2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келген соң, кадрлық резерв жасақталуы қажет екенін айтқан. Резервке өткен  300 жас кадрдың қатарында мен де бар едім. Кадрлық резерв жасақтау жолында университет басшылығы Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығын құрды. Қазір бірқатар жас ғалым осы орталықта, бірнеше бағытта зерттеу жүргізіп келеміз.

–        Дәл осы уақытта нақты қорытынды шығарылып, түбегейлі дайын болған қандай өнімдеріңіз бар?

–        Біз әлеуметтік маңызы бар ауруларға қарсы биологиялық белсенді қоспаларды зерттеумен айналысамыз. Қазір 4 түрлі бағытта зерттеу жүргізудеміз, солардың біреу ретінде аллергияға қарсы спрей әзірледік.

–        Оның басқа спрейлерден айырмашылығы қандай?

–        Біріншіден, бұл дәрілік өсімдіктерден алынған биологиялық белсенді заттарға негізделген. Клиникаға дейінгі зерттеулерді егеуқұйрықтар мен ақ тышқандарға жүргіздік. Қолданыстағы спрейлермен салыстырып, біздің өнімнің тиімділігі жоғары екенін анықтадық. Екіншіден, бұл – отандық өнім. Сондықтан шикізат қолжетімді және бағасы арзан болуы мүмкін.

–        Адамдарға қолданып көрдіңіздер ме?

–        Иә, өзіміздің докторанттар мен зертхана қызметкерлері өсімдіктер гүлдеген кезде қолданып көрді.

–        Спрей құрамында қандай өсімдіктер бар?

–        Жусанның әр түрі, киіз шоңайна, тағы үш-төрт түрлі дәрілік өсімдіктер.

–        Спрейді болашақта өндіріске шығару ойларыңызда бар ма? Зерттеуге кімдер қатысты? Басқа институттар немесе  жекеменшік ұйымдар болды ма?

–        Қазір Германияда өндірілетін спреймен салыстыра зерттеуді жоспарлап отырмыз. Нәтижелер оң болса, өндіріске шығару мүмкіндігін қарастырамыз. Зерттеуді биомедициналық орталық қызметкерлері жүргізді. Мұнда төрт-бес адам жұмыс істейді. Осы ғалымдар құрамымен 2022-2024 жылдарға арналған жас ғалымдарға арналған мемлекеттік грантты жеңіп алдық. Бұл грант аясында күрделі гүлдер тұқымдасына жататын дәрілік өсімдіктердің қасиетін, пайдасын зерттедік. Зерттеу қант диабетіне, антиоксиданттық қасиеттерге және қан құрамына әсері қатысты бірнеше бағытта жүрді. Зертханадағы биохимиялық аппараттар арқылы гистамин деңгейін өлшеп, аллергия тудыру ықпалын зерттедік.

–        Ғылыми зерттеу болғасын бұдан басқа да нәтижелерге қол жеткізген боларсыздар?

–        Дұрыс айтасыз, бұдан бөлек, бауырға әсер ететін, гормондардың деңгейін реттейтін өнімдер жасадық. Оны фито-комбинация деп атауға болады. Ол бауыр ауруларына қарсы әсер етеді және антиоксиданттық қасиетке ие. Яғни, қартаю процесін баяулатып, денеде артық оттегі атомдарының жинақталуын азайтады. Сонымен бірге, мелатонинді немесе мелатонин жолдарына әсер ететін биологиялық белсенді қосылыстарды толықтыру арқылы бұзылған циркадиандық ырғақтарды қалпына келтіруге, ұйқының сапасын және денсаулықты жақсартуға көмектеседі.

Кейін сарғалдақтар тұқымдасына қатысты екінші грант алдық.  Бұл өсімдік негізінен улы болып саналады, бірақ халық медицинасында қатерлі ісікке қарсы қолданылған. Олардың ішінде ең танымалысы уқорғасын немесе бәрпі, латынша aconitum деп атайды. Ол Жетісу, Іле Алатауында кездеседі. Алатау тауындағы улы болып табылады және Қызыл кітапқа енген. Халық емшілігінде қатерлі ісіктен және әйелдердің омырау ісіктерінен осы өсімдік арқылы жазылып кеткен жағдайлар өте көп. Зерттеу барысында осы идеяны негізге алдық.

–        Демек, сіздер халық медицинасында қолданылған өсімдіктерді ғылыми тұрғыда зерттеп жатырсыздар ғой?

–        Дәл солай. Біз халық медицинасында қолданылған өсімдіктерді зерттеп, олардың қатерлі ісікке қарсы әсерін ғылыми негізде дәлелдеуге тырысып жатырмыз. Біз М.А.Айтқожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтымен бірлесе жұмыс істейміз. Зертханадағы арнайы аппараттар арқылы әртүрлі ісік жасушаларын өсіріп, олардың реакциясын бақылаймыз.

–        Бұл зерттеудің алғашқы нәтижелері қандай?

–        Бастапқы нәтижелеріміз көрсеткендей, кейбір өсімдіктердің қатерлі ісік жасушаларына әсері бар. Біз сондай-ақ металдардың, атап айтқанда күмістің нанобөлшектерін өсімдік сығындыларымен біріктіріп, олардың ісікке қарсы әсерін бақылап жүрміз. Бұған дейін алтын нанобөлшектерін қолданып көрдік, бірақ ол ісік жасушаларының көбеюіне ықпал етті. Бұл туралы мен Web of Science қа (импакт факторы 23) мақала жазып шығардым. Ал күміс нанобөлшектері, керісінше, бауырдың және ұйқы безінің қатерлі ісік жасушаларын жоюға көмектеседі. Бұл жағйында шетелдік Scopus базасына кіретін баспада монография тарауы жарияланды.

–        Яғни, нанотехнология мен фитотерапияны біріктіріп зерттеу жүргізіп жатырсыздар ғой?

–        Иә, бұл қазір жеке бағыт ретінде дамып келе жатқан  медицинаның бір бағыты. Біз әзірге жасуша деңгейінде зерттеу жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл әдістер ұлпа деңгейінде де қолданылуы мүмкін. Шетелде, әсіресе АҚШ-та, осындай зерттеулер қарқынды жүргізіліп, тіпті бауыр жасушаларын өсіріп шығару технологиясы дамуда. Біз де осы бағытта жұмыс істеп, болашақта Қазақстандағы биомедициналық инновацияларды дамытуға үлес қосқымыз келеді.

–        Қант диабеті бойынша да зерттеу жүргізіп жатыр екенсіздер. Бұл зерттеудің негізгі бағыты қандай?

–        Иә, қант диабетіне қатысты зерттеулеріміз бар. Қант диабетінің екі типі бар деп айтып жүрміз, бірақ қазір кейбір зерттеулерде оның үшінші типі туралы да айтылады. Біз қант диабетімен ауыратын зертханалық тышқандарды қолданамыз. Оларға арнайы химиялық заттарды енгізу арқылы диабеттің пайда болуын бақылаймыз. Глюкоза деңгейі жоғарылаған соң, әртүрлі өсімдік сығындыларының әсерін зерттейміз. Солардың ішіндегі қазірше ең тиімдісі – Киізшоң айна, ошаған болып шықты.

Бұдан бөлек, кафедраның докторанттарының бірі Қытайда кеңінен қолданылатын қант диабетіне әсері бар өсімдікті зерттеп жатыр. Ол қант диабетіне қарсы күресуде маңызды рөл атқарады. Әзірге оның нақты атауы аталмаған, бірақ зерттеу барысында оның эмбриондарға оң әсер ететінін байқалды. Зерттеудің мақсатымыз – әйелдердің жүкті  кезінде  қант диабетінің асқынуын болдырмау және ұрықтың дұрыс дамуын қамтамасыз ету. Бұл зерттеу неміс ғалымдарымен бірлесіп жүргізілуде. Жақында Германияға барып, өсімдіктің құрамын толық зерттеп келдік.

–        Ғылыми жұмыстарыңыз халықаралық деңгейде қаншалықты сұранысқа ие?

–        Ғылыми мақалаларымыз Web of Science, Scopus базаларында және отандық ғылыми баспаларда жарияланып жатыр. Қазіргі таңда 150-ден артық ғылыми еңбегім жарық көрді. Олардың қатарында Web of Science, Scopus  базаларында 70-тен астам мақала, 2 монография және оқулық пен оқу құралдары бар. Жалпы Scopus базасында біздің  университет атынан 5000-ға жуық автор тіркелген, ал мен H-index, мақалар саны көрсеткіштері бойынша алғашқы ондыққа кіремін. 

–        Зерттеулеріңізге шетелдік ғалымдар тарапынан қызығушылық бар ма?

–        Біз жүргізген зерттеулерге, әсіресе, қосүйлі қалақай (Urtica dioica), жусан (Artemisia), ошаған (Arctium lappa) және шұғынық (Paeonia) сияқты өсімдіктерге шетелдік ғалымдар тарапынан үлкен қызығушылық бар. Қалақайдың антиоксиданттық және жасуша мембраналарын тұрақтандыратын қасиеттері ғылыми қауымдастықтың назарын аударуда. Сонымен қатар, қатерлі ісікке қарсы зерттеулерімізге де жиі-жиі сілтеме жасалуда.

–        Демек, өсімдіктерге қатысты зерттеулеріңіз әлемдік деңгейде сұранысқа ие деуге толық негіз бар?..

–        Иә, қазірдің өзінде біздің мақалаларымызға Еуропа мен Азия елдерінің ғалымдары жиі сілтеме жасап жатыр. Әсіресе, жусандар мен қалақайға қатысты зерттеулер көп қызығушылық тудырып отыр.

–        Халық медицинасында қолданылатын өсімдіктердің тиімділігін ғылыми негізде дәлелдеуге келуіңізге не әсер етті деп санайсыз?

–        Жалпы, қазақы ортада өсіп, салт-дәстүрді берік ұстанғандар халық емін басқаларға қарағанда көбірек біледі. Мұндай ортада ем-домды білетін, ата-бабадан жалғасқан емшілік өнерін жалғастырушылар да көп болады. Ал менің бұл салаға келуіме бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, нағашы атам өте білгір емші болған екен, талай адамды емдеп, аяққа тұрғызған. Шешемізде де емшілік қасиет бар. Яғни, бұл нәрсе белгілі бір деңгейде тұқым қуалау арқылы берілген.

2014 жылдары біздің кафедра Қытай Халық Республикасымен тығыз жұмыс істеді. Сол уақытта Қытайдағы Қазақ медицина орталығының директоры Әсия Бейсенбайқызы бізге келіп, бірлесе жұмыс істеу туралы ұсыныс жасады. Осылайша, қазақ медицинасына деген қызығушылық арта түсті. Қытайда бұл сала жақсы дамыған еді. Шыңжаң медицина университетінде арнайы курс ашылып, кейін факультет деңгейіне көтеру жоспарланған болатын. Бірақ кейінгі саяси жағдайларға байланысты ол жүзеге аспады.

–        Қытайда қазақ медицинасының деңгейі қандай?

–        2017 жылғы саяси жағдайға дейін өте жақсы дамыды, ғылым ретінде де қарастырылды. Қазақ медицинасының негізін қалаушы ретінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектері алға шықты. Оның теориясын негізге ала отырып, Қытайда қазақ медицинасының ғылыми тұғыры қалыптасты. Әр аймақта бөлімшелер ашылды. Тағы бір ерекше қадам – халық емшілігімен айналысатын адамдардың білімдері заңдастырылды. Оташылар, ата-бабасынан бері емшілікпен айналысып келген адамдар өздерінің емдік рецептерін тіркетіп, патент алды. Оларға ресми емші куәлігі берілді. Соның арқасында қазақ медицинасы Қытайда заңды түрде мойындалған салаға айналды.

–        Ал дәрілік өндіріс қалай дамыды?

–        Өте жақсы дамыды. Менің білуімше, бес-алты түрлі қазақ медицинасында қолданылатын дәрілер өндіріске жіберілді. Қытайда медициналық заңдар қатаң сақталады, ал қазақ медицинасы сол заңдық талаптарға сай дамып отырды. Ал бізде, өкінішке қарай, қазақ медицинасының нақты анықтамасы әлі де толық қалыптаспаған. Осы мәселеге байланысты мен мақала жазып жатырмын. Өткенде бір ғылыми конференцияда презентация жасағанымда, қазақ медицинасының ресми түрде анықтамасы берілмегенін байқадым.

–        Қазақ медицинасын зерттеу барысында қандай тарихи деректерге сүйендіңіз?

–        Осы тақырыпты зерттеп, қазақ медицинасының тарихын жүйелеуге тырыстым. Бұрынғы археологиялық қалдықтарды, соның ішінде Алтайдағы мұз ханшайымын, ежелгі үйсін қабірлерін зерттеу арқылы, қазақ емшілігінің тамыры тереңде екенін анықтадым. Бұл жерде сақ мәдениеті мен Іле өңірінен табылған қабірлердің маңызы зор.

–        Қазақ медицинасын ғылыми тұрғыда қалай жүйеледіңіз?

–        Қытайдағы қазақ медицинасының негізін салушылар алты тұғырлы теорияны қолданады. Ал мен бұл теорияны сегіз тұғырға кеңейттім. Себебі бізде жеті атадан қыз алыспау дәстүрі бар, бұл қазақ халқын көптеген генетикалық аурулардан сақтап келді. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының «алты миллион халық болды» деген кезеңін алсақ, сол заманда қазақтар арасында генетикалық аурулардың көрсеткіші 0,01 пайыздан төмен болған. Тұқым қуалау аурулар барлар қатарына саңырау, мылқау, сақау адамдар кірді, бірақ олардың басым көпшілігі физикалық еңбекке болды. Ал сол тұста басқа халықтарда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары еді.

–        Бұл теорияны қалай дамытпақсыз?

–        Қазір осы сегіз тұғырды жеке-жеке бөліп, әрқайсысына ғылыми мақала дайындап жатырмын. Сонымен қатар, қазақ медицинасында қолданылатын дәрілік өсімдіктердің тізімін жасап, олардың анықтамаларын жинақтаудамын.

–        Қазақ медицинасына қазір қандай негізгі мәселелер кедергі болып отыр?

–        Бір үлкен мәселе –  саланы заңмен реттеу қажеттігі. Қазір қазақ және шығыс медицинасымен айналысып жүргендер өте көп, бірақ олардың барлығы бірдей білікті емес. Кейбіреулер небәрі екі айлық массаж немесе ине салу курсын оқып, содан кейін емдеу орталықтарын ашып алып жатыр. Олардың емдеу әдістері, ем-дом шаралары, пайдаланылатын дәрілік препараттары кейде қауіпті болуы әбден мүмкін.

–        Қазақ медицинасындағы дәрілік өсімдіктерді өндіріске шығару мәселесі қалай?

–        Дәрілік өсімдіктердің пайдасын түбегейлі зерттемей жатып, «мына өсімдік қант диабетін толық емдейді» деп айтуға болмайды. Себебі ол басқа бір ауруды қоздыруы мүмкін. Антибиотиктердің  әсері сияқты, бастапқыда көмектескенмен, кейін басқа жағымсыз әсерлері байқалуы бек мүмкін. Сондықтан толық зерттеу жүргізу қажет. Өткенде бір оқиға болды, адамдар табиғи өнім деп қолданған дәрілік зат өте ерте асқынулар туғызды. Сондықтан ғылыми зерттеулерсіз мұндай өнімдерді жаппай ұсыну қауіпті. Сондықтан дәрілік өсімдіктерді пайдалануда жан-жақты толық зерттеп, сосын қолдануға рұқсат беру қажет. Ол үшін қазақ медицинасы, дәрілік өсімдіктерді пайдалану ережесі заңмен бекітіліп, барлық дәстүрлі емшілерді, осы салаға қатысы бар тұлғаларды бақылауда ұстау керек. Бұл жерде тағы бір мәселе еліміздің пайдалы өсімдіктерінің заңсыз түрде шетелге сатылуы, оның тағы бір зияны қаншама құнарлы жерлерді қазып, аударып сол аумақтағы басқа биологиялық түрлерді жойып жатыр және топырақтың эрозиясын тудыруда. Еліміз үшін бұл да күн тәртібіндегі мәселе.

–        Сұхбатыңызға рақмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →