×

Жетісу университетінің ректоры студенттер жасаған электробайкты сынап көрді

Қазіргі таңда студенттердің өнертабысы патенттелген

Жетісу университетінің ректоры студенттер жасаған электробайкты сынап көрді
Сурет: Qaz365.kz/B.Karipov

 Жетісу университетінің студенттер командасы 3 миллион теңгеден екі грант жеңіп алып, электробайк, электромопед және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бірегей электрлі трицикл ұсынған, деп хабарлайды Qaz365.kz .

Жетісу облысында үш жас инженерден құралған команда —  Жанғас Ахметов, Әнет Ибраимов және Қуаныш  Жақпаев — екі жыл қатарынан «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобалар байқауында жеңіске жетіп келеді. Олар 2023 жылы «Смарт электромотоцикл» жобасын, ал 2024 жылы «Электр көлігін өндіру және сату» жобасын ұсынған. Екі жоба да Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасынан 3 миллион теңгеден грантқа ие болыпты.

Жобаның авторлары идеяның мотоциклдер мен технологияларға деген қызығушылықтан туындағанын айтады:

«Инженерияға бет бұрғанда, біз Қазақстанды өзгертетін нәрсе жасауды армандадық. Электр техникасындағы тәжірибеміз аз болса да, біз электр қозғалтқыштар мен электромобиль технологияларын тереңірек зерттеуге кірістік. Экологиялық, қуатты әрі сәнді көлік жасағымыз келді», — дейді авторлар.

Команда алдына үлкен мақсат қойған: үш түрлі көлік жасау — Harley-Davidson стиліндегі электробайк, электромопед және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электрлі трицикл. Бұл трициклге арбаны ішіне орнатып, бекітуге болады. Сонымен қатар, бұл көлік жүк тасымалдау үшін де қолдануға жарамды.

Барлық жобалар Жетісу университетінің Академиялық шеберлік орталығы жанындағы STEM-зертханасында жүзеге асырылуда. Мұнда студенттер мотоцикл, велосипед, дрон секілді техникалардың өз модельдерін жасап шығарады. Зертхананың мүмкіндіктері жайлы университет ректоры Ермек Бөрібаев айтып өтті:

«Біздің зертхана — Академиялық шеберлік орталығы деп аталады. Үш бағыты бар: робототехника, обсерватория және жасанды интеллект. Студенттер мұндағы техниканың бәрін өз қолдарымен құрастырады: роботтандырылған мотоциклден бастап дрондарға дейін. Қазір үлкен обсерватория ашылуда, ғимарат шатырына кәсіби телескоп орнатамыз. Зертханада үш меңгеруші бар — барлығы PhD дәрежесі бар, өзіміздің түлектер», — деді ректор.

Бүгінгі күні барлық құрылғыларға патент алынған. Команда жобаны коммерцияландыруға дайындап, экологиялық көлік құрастыратын өндіріс цехын іске қосуды жоспарлап отыр.

«Біз тек көлік жасағымыз келмейді. Біз отандық өндіріс дамуына үлес қосып, экспортқа шығуды қалаймыз. Болашақта техниканы сериялы түрде шығарып, электр көлігін баршаға қолжетімді еткіміз келеді», — дейді жоба авторлары.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Ғылымға адалдық - абыройлы ғұмыр
12.04.2025ж. 17:15

Ғылымға адалдық - абыройлы ғұмыр

Ғылым күні Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күнімен сәйкес 12 сәуірде белгіленген

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →