Ұстаздық пен ғылымды қатар ұштастырған ұлағатты ғалым
Қазақ тіл ғылымының қарашаңырағы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ат басын бұрған Қайрат Ғабитханұлы өз тағдырын осы мекемемен мызғымастай байланыстырды. Бұл кездейсоқтық емес, заңдылық еді. Себебі сол жылдары тіл тағдыры – ел тағдырымен қатар қойылған болатын. Қайрат Ғабитханұлының кірме сөзсіз, архаикалық элементтерге бай, қоспасыз қазақ тілімен көсіле сөйлеген сөзі жас әріптестерінің құлағына жаңа естілген сырдай әсер еткен еді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Тіл тарихы – ұлт тарихынан да ұзақ. Ұлттық тіл болмайынша, ұлт мәдениеті де қалыптаспайды» – дейді ғалым.
Бұл тұжырым – оның ғалымдық кредосын дәл айқындайды. Тілтаным елшісінің еңбегі жайлы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүл Әмірбекова ой бөлісті.
Миф пен тілдің байланысын зерделеген зерттеуші
Қайрат Ғабитханұлы – қазақ тілінің мифологиялық қабатын ғылыми айналымға түсіріп, тіл мен таным арасындағы байланысқа тың серпін берген санаулы ғалымның бірі. Оның 1996 жылы сәтті қорғалған «Наным-сенімге байланысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер» атты диссертациясы – тек тіл емес, этнология мен фольклортануға да елеулі үлес болды.
Ғалым өз зерттеулерінде мифологиялық категорияларды жаңаша түсіндіреді. Мысалы, тотемдік сананың тілдегі көрінісін: «Тотем – бұл наным-сенім де, табыну да емес. Бұл – ұлттың немесе рудың өзін-өзі таныту нышаны» деп бағалайды.
Қайрат Ғабитханұлы Күн мен Айға, от пен жұлдызға табыну салттарының тілдегі тұрақты тіркестерге қалай әсер еткенін де ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген. Мәселен, «Күні бітті» деген тіркестің шығу төркінін Күнге табыну уәжінен іздейді.
Қытайдағы қазақ тілінің шырақшысы
Қайрат Ғабитханұлы тек Қазақстанда ғана емес, Қытайдағы қазақ тілінің жай-күйін де жан-жақты зерттеген санаулы тіл маманы. Ол MINZU университетімен тығыз әріптестік орнату арқылы қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттелуіне жол ашты.
Ғалымның «Қытайдағы қазақтар тілінің аймақтық ерекшеліктері: зерттелімі және сөздігі» (2017), «Қытайдағы қазақ тілі» (2023) атты монографиялары – төл лексикамыздың бай қабатын қайта тірілткен іргелі еңбектер. Бұл еңбектерден бұрын ғылыми айналымға енбеген көптеген ұғымдар алғаш рет қазақ тіл білімінде тіркелді:
Айгүл Әмірбекованың айтуынша, «Қайрат Ғабитханұлы – тілді жай зерттеуші ғана емес, тіл арқылы ұлт рухын оятушы тұлға».
Ұстаздық пен ғылымды қатар ұштастырған ұлағатты ғалым
Ғалымның тағы бір өлшемі – ұстаздық. Қайрат Ғабитханұлы 25 жылдан бері Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде дәріс оқиды. Қытай тілі мен аударма ісі мамандығы бойынша талай шәкірт тәрбиелеп, бакалавр мен магистрлік жұмыстарға жетекшілік етіп келеді.
2003 жылы қандастарға арналған алғашқы «Қазақ тілі» оқулығын жазуы да – оның халыққа адал қызмет ету жолындағы шынайы еңбегінің бір көрінісі.
Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ғалым ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Тіл жанашыры» құрмет грамотасымен, MINZU университетінің құрметті профессоры атағымен марапатталған.
Қайрат Ғабитханұлы – ғылымға жанын беріп, ұлт рухын сөз арқылы асқақтатқан зерделі ғалым. Қазақ пен қытай арасындағы тілтаным көпірін салған қайраткер. Тіл арқылы ұлт жадысын тірілтіп, ұрпақтың рухани түп-тамырын жаңғыртқан тұлға.
Айгүл Әмірбекова оның еңбегін былай қорытындылайды:
«Қайрат ағай – қазақ тілінің шұрайын Қытай мен Қазақстанда қатар танытқан тілтанымдық елші. Ғылымдағы мұндай жалғастық – кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін тағдыр».