Биылғы Приштина қаласында (Косово) өткен халықаралық байқауға әлемнің 52 елінен 219 оқушы қатысқан
Қазақстандық оқушылар Еуропалық математикалық олимпиадада 100% нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Қазақстанның қыздар құрамасы Еуропалық математикалық олимпиадада (EGMO) үшінші жыл қатарынан дайындықтарының жоғары екенін дәлелдеп келеді. Оқушылар төрт бірдей медаль иеленіп, еліміздің жас математиктер даярлаудағы әлеуетін тағы бір мәрте әлемге паш етті. Биыл Приштина қаласында (Косово) өткен халықаралық байқауға әлемнің 52 елінен 219 оқушы қатысты. Қазақстан атынан төрт оқушы және екі жетекші қатысты”, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасыенда.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының барлық қатысушылары жүлделі орындарға ие болды:
- Юлия Катунина – күміс жүлдегер – Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған лицейінің 10 сынып оқушысы;
- Арай Касенова – қола жүлдегер-Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 11 сынып оқушысы;
- Анар Дидарбекова – қола жүлдегер - Алматы қаласының №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейінің 11 сынып оқушысы;
- Аружан Қайрат – қола жүлдегер-Алматы қаласының №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейінің 10 сынып оқушысы.
Қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиада алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияның Кембридж қаласында өткен болатын. Қазақстан құрамасы бұл беделді білім бәйгесіне 2017 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздің дарынды қыздары 3 алтын, 12 күміс, 15 қола медаль мен 4 Құрмет грамотасын иеленді.
Халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын асқақтатқан жеңімпаздарды, олардың ата-аналарын, жетекшілерін және мектеп ұжымдарын шын жүректен құттықтаймыз!