2024 жылы оқушылардың 90 пайызы профилактикалық тексеруден өткен.
Қазақстанда оқушылардың денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар жаңа бастама қолға алынуда. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, оқушы саны 1000-нан астам мектепте стоматологиялық кабинеттер ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды qaz365.kz.
Министрдің мәліметінше, 2024 жылы оқушылардың 90 пайызы профилактикалық тексеруден өткен. Динамикалық бақылаумен қамтылған балалардың үлесі де 3%-ға артқан. Тексеру нәтижесінде оқушылар арасында ас қорыту, көру, тыныс алу жүйелері мен тіс проблемалары жиі кездесетіні анықталған.
Мектеп медицинасын жаңғырту мақсатында төмендегідей шаралар жүзеге асырылуда:
• мектеп мейіргерінің жүктемесі жеңілдетіліп, бұрынғы 700 балаға 1 мейіргерден — 500 балаға 1 мейіргерге ауыстырылды;
• 1000-нан көп оқушысы бар мектептерде стоматологиялық алдын алу кабинеттері ашылады;
• мектеп медицинасын алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының құрамында дамыту;
• кәсіби тексеру жүйесін жетілдіру және мамандардың біліктілігін арттыру.
Сонымен қатар цифрландыру шеңберінде мынадай IT-шешімдер енгізіліп жатыр:
• екпе және профилактикалық тексерулерді жоспарлау;
• балалардың өтініштерін онлайн тіркеу;
• ата-аналармен eGov пен 1414 арқылы байланыс орнату;
• «Күнделік», «Bilim.Class», «Білімал», «EDUS.Mektep» сияқты білім платформаларымен интеграция жасау.
Бұдан бөлек, ведомствоаралық жобалар да іске асырылуда. Атап айтқанда:
• ментальді және репродуктивті денсаулықты қамтитын «Денсаулық сабақтары»;
• жарақаттың алдын алуға арналған жол карталары;
• «Денсаулыққа ықпал ететін мектептер» жобасы;
• мектеп медицинасын 2030 жылға дейін ғылыми негізде дамыту.
Бұл шаралар оқушылардың физикалық және психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған.