Балабақшаларды қазақ тіліне көшіру бастамасы тоқтап қалған
Бүгін Үкіметтің баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақ тілі мәселесіне қатысты журналистер қойған өткір сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тілшілердің бірі мемлекеттік тілдің дамуына қатысты сын айтып, соңғы жылдары қоғамда жиі айтылатын «Қазақ тілін үйренейік» деген үндеулердің шынайы мазмұнынан айырылып бара жатқанын алға тартты. Сонымен қатар, министрден балабақшаларды қазақ тіліне көшіру бастамасы тоқтап қалғанын, бұл бағытта қандай нақты іс-шаралар қолға алынғанын сұрады.
«Біз 30 жылдан бері қазақ тілін дамыту туралы айтып келеміз. Алайда халық толық қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Қазақ тілін үйренейік деген ұрандар күнделікті клоунадаға айналып бара жатқан жоқ па? Бұған себеп: әдістеме дұрыс емес пе, әлде қазақ тілін білу қажеттілігі дұрыс түсіндірілмей отыр ма? Цифрлық дәуірге икемдей алмадық па? Осыған нақты жауабыңызды берсеңіз. Екінші сұрағым, біз барлығымыз Қазақстан азаматы ретінде мемлекеттік тілді ерте жастан – балабақшадан бастап білуге, меңгеруге тиіспіз. Сіз министр ретінде осы қызметте мемлекеттік тілді енгізу үшін нақты не істедіңіз?» – деп сұрақ қойды журналист.
Министр Бейсембаев бұл бағытта қолға алынған бағдарламаларды атады.
«Бірінші кезекте, мектептерде «Тілге бойлау» бағдарламасын енгіздік. Бұл – балабақшадан бастап колледжге дейінгі білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған жоба. Қазір бұл жоба пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Кейбір өңірлер бастапқыда тек бірнеше мектепті ұсынса, қазіргі таңда бағдарламаға қызығушылық артып, өзге де білім мекемелері қосылып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік емтихан жүйесіне де қазақ тілін енгіздік», – деді министр.
Алайда журналист министрдің жауабына қанағаттанбай, сұраққа нақты әрі тікелей жауап беруін талап етті.
«Мен нақты сұраққа, нақты жауап алғым келеді. Біздің елдің балабақшалары қазақ тіліне көшіріле ме, жоқ па? Біз – біртұтас Қазақстан халқымыз. Мемлекеттік тіл – біреу. Неге біз бала кезден бастап мемлекеттік тілді үйретуді қолға алмаймыз? Сіз министр бола тұра неге мұны нақты талап етіп енгізбейсіз? Біз бәріміз бірге Қазақстанның мемлекеттік тілін білуіміз керек емес пе?» – деді ол.
Өз кезегінде министр бұл бағыттағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Біз бұл жұмысты барлық азаматтардың құқығын ескере отырып, қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып жүргізіп келеміз. Бұл бір күнде жүзеге асатын процесс емес», – деп жауап берді Бейсембаев.