Бұл мәселе ұзақ талқылаудан кейін шешімін табады
Сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемеақының неге әлі өспегені туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министр Бейсембаевқа Qaz365.kz тілшісі бұған дейінгі «сынып жетекшілердің үстемеақысы 30%-ға өседі» деген уәдесінің орындалмай жатқанына қатысты сұрақ қойды.
Министр бұл мәселе әлі түпкілікті шешімін таппағанын айтты. Алайда бұл бағытта ұстанымынан айнымағанын, әлі ұзақ талқылаудан кейін шешімін табатындығын алға тартты.
«Бұл мәселе әзірге шешілген жоқ. Себебі қаржыға қатысты кез келген ұсыныс жан-жақты талқылауды талап етеді. Тек біздің министрлік қана емес, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі сияқты басқа да мемлекеттік органдар қатысады. Сондықтан бұл бастама тоқтап қалған жоқ, талқылау жалғасып жатыр», - дейді министр.
Министр мысал ретінде колледждердің жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін келтіріп, оның да бірнеше жылға созылған талқылаудан кейін ғана қабылданғанын айтты.
«Мәселен, колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі екі жылдан астам уақыт талқыланды. Биыл барып шешімін тапты. Сол сияқты бұл да ұзақ мерзімді процесс. Біз өз ұстанымымыздан бас тартқан жоқпыз. Әрине, бұл мәселенің мүмкіндігінше тез шешілгені дұрыс. Бірақ дәл қазір нақты мерзім айта алмаймын. Өйткені, бұл Қаржы министрлігінің келісімін қажет етеді», – деді Бейсембаев.