Оқу-ағарту министрлігі кешенді талдау жүргізіп, анықтады
Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сәлемов Серік Жақсылықұлы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік 100 мектеп» рейтингіне енген аймақтағы 5 мектептің директорларына салтанатты түрде марапаттар табыстады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті орта білім беру ұйымдарының қызметіне кешенді талдау жүргізіп, еліміздегі ең үздік 100 мектепті анықтаған болатын. Нәтижесінде, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясы, И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясы, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, №24 гимназия және Қордай ауданы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы үздік білім мекемелері атанды.
Салтанатты рәсім барысында Серік Жақсылықұлы үздік мектептердің білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстары, ұжымдардың табандылығы мен кәсіби шеберліктері үшін алғысын білдірді.
Үздік мектептердің директорларына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы «Үздік мектеп – 2025» сертификаттары мен гүл шоқтары табысталды.
Бұл – облыс мектептерінің республика деңгейінде танылып, білім беру кеңістігінде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанының айқын дәлелі.