Оның айтуынша, өткен аптада 11-сынып оқушысы тоқсандық қорытынды бағалау кезінде мобильді телефон пайдаланған.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда мұғалімді балағаттағаны үшін оқудан шығарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдымен әлеуметтік желіде депутат Ирина Смирнова оқушының мектептен заңсыз шығарылғанын жазған еді.
Бірақ мектеп директоры Әнуар Жанғозин Facebook парақшасында жағдайдың қалай болғанын түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, өткен аптада 11-сынып оқушысы тоқсандық қорытынды бағалау кезінде мобильді телефон пайдаланған. Бұл әрекет академиялық адалдық қағидаттарына қайшы және мектеп ережелерінде қатаң тыйым салынған.
Қолданыстағы ішкі тәртіпке сәйкес, емтихан кезінде кез келген қосалқы құралды – шпаргалканы да, электронды құрылғыларды да – қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл талап барлық оқушылар мен ата-аналарға жүйелі түрде түсіндіріліп отырады. Ереже бұзылған соң мұғалім оқушының телефонын белгіленген тәртіпке сай тәркіледі. Алайда оқушы дөрекі мінез танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, өзге оқушылардың көзінше ‘ш...ва’ деген балағат сөз қолданған. Бұл жағдай тіркеліп, оған қатысты тиісті дәлелдер бар, - дейді Жанғозин.
Сонымен бірге, оқушының бұған дейін де бірнеше рет тәртіп бұзғаны белгілі болды. Осы негізде педагогикалық кеңес оны оқудан шығару туралы шешім қабылдаған. Қазір оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.