Қорытындылар 31 қазанға дейін талданады.
Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі басталғалы бері 52 мыңнан астам тестілеу өткізілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып Qaz365.kz хабарлайды.
Талапкерлердің 66%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде, ал 65 адам ағылшын тілінде тапсырған.
Ведомство дерегінше, басталған алғашқы аптада 55 ереже бұзу дерегі анықталған.
26 талапкер тестілеуге смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқаны үшін аудиторияға кіргізілмеді. Тағы 29 талапкер тест тапсыру кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды, - делінген мәліметте.
ҰБТ аяқталған соң, 31 қазанға дейін мамандар тестілеу барысындағы бейнежазбаларды талдайды. Егер қосымша заңбұзушылықтар анықталса, сол талапкерлердің нәтижелері де жойылады.
Бірінші апта қорытындысы бойынша:
62% талапкер шекті балды жинады,
Орташа балл – 61,
Ең жоғары нәтиже – 140 балл, бұл көрсеткішке Жәнібек Әбілхан қол жеткізді.
Биылғы тестілеуге 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш қабылданған.
Ең көп таңдалған пән комбинациялары:
20% – математика және физика,
17% – шығармашылық емтихан,
11% – биология және химия.