Кездесуден кейін балалар министрлік бөлімдерінің жұмысымен танысып, еліміздің білім беру жүйесіне қатысты шешімдердің қалай қабылданатынын өз көздерімен көрді.
Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінде ерекше кездесу өтті. Министр Ғани Бейсембаев дарынды мектеп оқушыларын – халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарын, оқу озаттарын, белсенділер мен өмірлік қиын жағдайларда батылдық танытқан жас өрендерді қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кездесу мемлекет басшысының тапсырмасымен жарияланған «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында өтіп жатқан «Бала үні» күніне арналды.
Министрлік ғимаратында өткен жылы әрі бейресми кездесуде оқушылар министрге оның балалық шағы, мектептегі жылдары, сүйікті кітаптары мен мамандықты қалай таңдағаны жайында сұрақтар қойып, бала үнінің естілуінің білім беру жүйесіндегі маңызы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ мектеп өмірін жақсарту, таланттарды тану, қауіпсіздік шараларын күшейту, өзін-өзі дамыту мен балаларды қолдауға бағытталған ой-пікірлер талқыланды.
Бүгін мен мемлекет тарапынан қолдау мен қамқорлықты шын сезіндім. Бұл мені жақсы оқуға, биік жетістіктерге ұмтылып, туған халқым үшін пайдалы болуға ынталандырады, – деп өз әсерімен бөлісті Астана қаласы әкімдігінің Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 7-ші сынып оқушысы Тимур Пак.
Кездесудің ерекше сәті – оқушылар министр орындығына отырып, өздерінің алғашқы сабақ өткізу форматтарын жаңарту, оқушылардың белсенділігін арттыру сынды «шешімдерін» ұсынуы болды. Бұл онкүндіктің басты идеясы – баланың қоғамдағы толыққанды диалог иесі екенін айқын көрсетті.
Біз сіздердің болашақтарыңыз жарқын болуы үшін жұмыс істейміз. Білім беру саласындағы әрбір бастаманы қолға аларда ең алдымен балалардың не ойлайтынын, не сезінетінін және не ұсынатынын ұғыну керек, – деді министр.
Кездесуден кейін балалар министрлік бөлімдерінің жұмысымен танысып, еліміздің білім беру жүйесіне қатысты шешімдердің қалай қабылданатынын өз көздерімен көрді.
Сондай-ақ Ғани Бейсембаев оқушыларды оқу жылының аяқталуымен және Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады. Әр оқушыға шынайылығы мен белсенді ұстанымы үшін алғыс айтты. Министрмен естелікке фотоға түсу – бұл күннің балалар үшін маңыздылығын айқындаған әсерлі сәттердің бірі болды.