23 мамырда Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысының оқудан шығарылған болатын
Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысының оқудан шығарылуы қоғамда қызу талқылануда. 23 мамырда мектеп әкімшілігі тәртіптік ереже бұзды деген себеппен жасөспірімді оқудан шығарған еді. Бұл қаншалықты заңды екенін журналистер ҚР Мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспаннан сұрап білді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Біріншіден, оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізілуі керек. Оқушының тарапынан да тәртіп бұзушылықтар болғаны анық. Боқтау, балағаттау, заңсыз әрекеттер жасау дұрыс емес. Ал ол оқушыны Назарбаев зияткерлік мектебінен шығару – оның Конституция талаптарына қайшы болып кетуі мүмкін. ҚР Конституция талаптарына сәйкес орта білім беруі және алуы ҚР азаматына оның ішінде мектеп жасындағы балалардың міндеті. Бұл талап міндетті асып өтіп, оқу орнынан шығарып жіберу дұрыс емес. Педагог мәртебесі заңынан Конституция жоғары тұрады. Бұл оқиғада басқа да тәртіптік шаралар мен жазалар қолданылуы керек еді. Бірақ, оқудан шығару емес. Оқудан шығару – тек ең соңғы жағдайда, басқа амалдар қалмаған кезде қолданылуы керек деді”, – заңгер, депутат Абзал Құспан.
Еске сала кетейік, 23 мамырда мектеп әкімшілігі тәртіптік ереже бұзды деген себеппен жасөспірімді оқудан шығарған еді. Сол оқушының өзі видео арқылы кінәсін мойындап, кешірім беруді сұрағаны туралы жариялаған болатынбыз. Жағдай ушыққаннан кейін белгілі қоғам белсендісі Аида Букаева оқушының денсаулығы күрт нашарлағанын жеткізді. Оның сөзінше, жасөспірім бірнеше күн тамақ ішпеген, жүйке жүйесі сыр беріп, тіпті жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.