NU-да оқығысы келетіндердің саны жыл сайын артып келеді
Назарбаев Университеті Qaz365.kz порталына шыққан материалға реакция білдірді. Мұның алдында «Назарбаев Университеті мен Ұлытау облысына бөлінетін ақша бірдей: мәселе Мәжілісте дау туғызды» атты мақала жариялаған едік. Университеттің баспасөз қызметі білім ордасы мен облысқа бөлінетін қаражат тең деген ақпаратты растамады.
Университет не дейді
«NU депутаттың айтқаны шындыққа жанаспайтынын, қазақстандықтарды шатастыратын ақпарат екенін мәлімдейді. Бюджеттен бөлінген қаражат студенттерге білім беруге, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін құралдар сатып алуға және кітапхананы жабдықтауға бағытталатынын жеткіземіз. Жыл сайын қаржыландыру көлемі қысқаруда. 2024 жылы NU республикалық бюджеттен 50%-ға ғана қаржыландырылды, қалғаны эндаумент-қор, демеушілік қолдау, сондай-ақ білім беру, ғылыми-зерттеу және заңмен рұқсат етілген басқа да қызметтер көрсету есебінен қамтамасыз етілді. 2026 жылға студенттерді оқытуға 35 млрд теңге, сондай-ақ шәкіртақы төлеуге және жол жүру шығындарын өтеуге 6 млрд теңге бөлінді», - делінген хабарламада.
NU-да оқығысы келетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Биыл Университетке 10 мыңнан астам өтінім келіп түсті, оның ішінде тек 2400 студент қана грант иегері атанған.
Сатыбалдин не дейді
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Ерболат Сатыбалдин Назарбаев Университеті мен Ұлытау облысына бөлінетін бюджет көлемін салыстырып, өңірлік даму мен инфрақұрылым мәселесін көтерді.
«Мысалы, 7000 студенті бар Назарбаев Университеті қазынадан 59 млрд теңге алады, ал 240 мың халқы бар Ұлытау облысы 59 миллиард теңге алады. Мен балалардың жалпы білім алғанына, жоғары білімге ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ бізде аспаннан айды алып бер деп сұрап отырған жоқпыз ғой. Бүгінгі күнде керегі қарапайым ғана нәрселер – таза су, таза ауа, жақсы жолдар, қолжетімді медицина, қолжетімді жоғарғы білім. Жастардың тұрақталуы үшін өңірге керекті мәдени, әлеуметтік нысандар салу керек. Осы мәселелерге қаражат қалай бөлінеді? Жаңа өзіңіз айтқандай, бұл енді балтамен шабу емей немене? Адамдардың құқығы Конституцияның алдында бірдей емес пе?» - деді депутат Ерболат Сатыбалдин өз сауалында.
Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлытаудың қаласының инфрақұрылыммен қамтылуы өте төмен деңгейде екенін айтты.
«Өңірлік стандарттың жүйесін алсақ, Ұлытаудың қаласының инфрақұрылыммен қамтылуы – 85 пайыз, аудандық орталықтары – 88, бірақ ауылдық елді мекендер – 35 пайыз. Бұл Қазақстан бойынша ең төмен көрсеткіш. Ертеңгі күн осыған назар аударамыз. Жалпы сипаттағы трансфертті бөлгенде әкім өзінің өңірлік даму жоспарымен келгенде бірінщіден ауылдық жерлерге назар аударамыз. Қайда, қалай, не жоспарлады? Ішінде қандай болжамдар бар? Адамның саны қанша болады, соның бәрін дұрыстап ойластыру керек. Жаңадан ашылатын өңірлерге оң көзбен қараймыз. Халық жақсы өзгерістер күтеді. Әрине, оның бәрін біз жеткізуіміз керек», - деді вице-премьер.