98 талапкер тыйым салынған заттарды алып өтпек болған
Негізгі ҰБТ басталғалы бері 164 мың рет тест тапсырылып, 208 талапкердің нәтижесі жойылып үлгерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеп отыр.
Биылғы ҰБТ тапсырушы талапкерлердің 74%-ы қазақ тілін таңдаған. 26%-ы орыс тілінде және 136 адам ағылшын тілінде тапсырған. Негізгі ҰБТ басталғалы бері 164 мың рет тест тапсырылды.
Оның ішінде:
- талапкерлердің 69%-ы шекті балл жинады;
- орташа балл – 65 балл (бес пән бойынша);
- ең жоғары балл – 140 балл;
- ерекше білім беру қажеттілігі бар 477 талапкер қатысты.
Ереже бұзғаны үшін 208 адамның нәтижесі жойылды. Атап өтсек:
- тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 98 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды;
- тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 108 адам шығарылды;
- бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Қатысушылардың 18%-ы «Математика-Физика» комбинациясын, 15%-ы «Биология-Химия», 14%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.
Естеріңізге сала кетейік, негізгі ҰБТ 7 шілдеге дейін өтеді.