Негізгі бастауышқа айналуы немесе толықтай жабылуы мүмкін
Батыс Қазақстан облысының шекара маңындағы 13 мектеп жабылуы мүмкін. Бұл туралы вице-премьер Ермек Көшербаев депуаттардың сауалына берген жауабында жазылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Батыс Қазақстан облысының шекара маңындағы аудандарындағы мектептер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Мемлекеттік кепілдік берілген білім беру ұйымдары желісінің нормативіне сәйкес, егер ауылдық елді мекенде оқушылар мен тәрбиеленушілердің жалпы саны сақталса, білім беру ұйымдарының жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі (бастауыш мектептер үшін – кемінде 5 бастауыш сынып оқушысы, негізгі мектептер үшін – кемінде 41 оқушы, орта мектептер үшін – кемінде 81 оқушы болған жағдайда). Алайда бұл мектептердегі оқушы саны белгіленген нормадан әлдеқайда төмен болғандықтан, оларды қайта ұйымдастыру қаупі бар: 2025–2026 оқу жылында орта мектеп негізгіге, негізгі бастауышқа айналуы немесе толықтай жабылуы мүмкін, - делінген жауапта.
Осыған байланысты оқу-ағарту министрлігі БҚО әкімдігіне шекара маңындағы ауыл мектептерін сақтау және дамыту жөнінде ұсыныс хат жолдады. Қазіргі уақытта министрлік шекаралық аймақта орналасқан мектептерді білім беру ұйымдары желісінің жалпы нормативтік тізбесінен алып тастау мүмкіндігін де қарастырып жатыр екен.