Металлургия және кен байыту институты ғалымдарының жаңа технологиясы Қазақстандағы селен өндірісіне жаңа серпін берді.
Қазіргі әлемдік үрдістің бағыты – табиғи ресурстарды үнемді әрі тиімді пайдалануға негізделгендігі белгілі. Осы бағытта отандық ғалымдарымыз үлкен, әрі маңызды жетістікке қол жеткізіп отыр.
2025 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған үздік ғылыми жобалардың қатарынан отандық зерттеушілердің түсті металлургия саласындағы тың жаңалығы да орын алып отыр. Бұл – кондициялық емес металлургиялық шикізаттан экологиялық қауіпсіз жолмен жоғары сапалы селен алуға бағытталған вакуум-термиялық технология.
Ғылыми жаңалықтың авторлары – Б.К. Кенжалиев (жоба жетекшісі), В.Н. Володин, Е.А. Оспанов, С.А. Требухов және А.А. Шахалов. Ғалымдарымыз ұсынған инновациялық технология – өндіріс қалдықтарынан сирек кездесетін селен элементін аса жоғары сапада бөліп алып, көп мөлшерде бөлінетін қалдықты кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Бұл біріншіден – өндіріс қалдығынан бағалы металл алу арқылы тұрақты даму мақсатын жүзеге асырып, қалдықсыз технология жүйесін экономикалық тиімді жолмен жүзеге асырса, екіншіден – қоршаған ортаға зиян келтірмейтін қауіпсіз әдіс, яғни «жасыл» технология қағидатына сай келуімен аса бағалы.
Селен – өнеркәсіп, медицина және ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын маңызды элемент. Әсіресе, жартылай өткізгіш пен шыны өндірісінде, сондай-ақ дәрі-дәрмек жасау барысында селеннің орны ерекше. Табиғатта аз мөлшерде кездесетін бұл элементті өндіру – көп жағдайда қымбат, әрі қоршаған ортаға зиянды әдістермен жүзеге асырылып келгені жасырын емес.
Осы тұрғыдан алғанда, отандық ғалымдарымыздың өндірістік қалдықтан селенді вакуум-термиялық әдіспен алу технологиясының маңызы зор. Бұл өз кезегінде селенді бөлу кезінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын айтарлықтай азайтады. Қалдықсыз технологияның бірі саналатын бұл әдіс табиғатқа тигізер залалын азайтып қана қоймай, энергияны үнемдеуімен де ерекшеленеді. Технология шикізатты тиімді әрі толық өңдеп, селеннің тазалығын жоғары деңгейге жеткізуге негізделген. Алынатын нәтиже –өзіндік құны төмен, әрі тазалығы жоғары селен.
Ғылыми-зерттеу жұмыс негізінде – ғалымдарымыздың ұзақ жыл бойы жүргізген зерттеулері, теориялық ізденістері мен өндірістік тәжірибелері жатыр. Авторлар кондициялық емес түсті металлургия шикізатынан жоғары сапалы селен алудың вакуум-термиялық технологиясын әзірлеп, аталмыш технология бойынша алынған селен өнімінің сапасын зерттеп, оны жартылай өндірістік және өндірістік жағдайда сынақтан өткізіп, селен өнімін экологиялық қауіпсіз әдіспен алудың өндірістік технологиясын ұйымдастырған. Әрине аталмыш бағытты дамытудағы алдыңғы бұрынның қосқан үлесі зор. Жоба жетекшісінің атап өтетін еңбегінің бірі – алдыңғы аға буын бастамасын жалғастыру үшін жас ғалымдардың басын қосып, өндірістік қалдықтан жаңа селен өнімін алу технологиясын жаңа деңгейге көтеріп, өндірістік жағдайда алуға дейін жеткізуі болып отыр. Авторлардың партфолиясындағы зертханаларлық үрдістерді автоматтандыру, энергия тұтынуды азайту, өнім сапасын арттыру бағытындағы тың ұсыныстар мен жобаларда назар аударуды талап етеді.
Аталмыш ғылыми жаңалық тек Қазақстан Республикасының ғана емес, жалпы әлемдік металлургия саласы үшін жасалған маңызды қадам. Оның басты себебі – табиғи қорлардың сарқылған тұсында, өндірістік қалдықты қайта өңдеп, сапасы жоғары жаңа өнім алу – ол бүгінгі заман талабы. Бұл – табиғатты қорғау, экологиялық тұрақтылықты сақтау, өнеркәсіпті тұрақты дамту идеяларымен астасып жатқан ғылыми жаңалық.
Осыған орай, авторлардың ұсынған жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз табиғи ресурстарды басқаруға деген парадигманы өзгертіп, оларды игеру кезінде озық технологиялар мен экологиялық тәсілдерді басшылыққа алуымыз керек. Геология мен металлургия саласында да ғылымға негізделген жаңа тәсілдер қажет», – деп көрсеткен негізгі қағидаттарға сай келетіндігін атап өткім келеді.
Ғылым мен өндіріс арасындағы осындай үйлесімді үндестік – кез келген елдің даму деңгейінің көрсеткіші екендігі белгілі. Қазақстандық ғалымдардың бұл еңбегі – соның жарқын дәлелі. Бұл технологияны өндіріске кеңінен енгізу – еліміздегі өнеркәсіп әлеуетін арттыру, экономиканы әртараптандыру, экологияны сауықтыр секілді басым бағыттарды дамытуға септігін тигізетіндігі сөзсіз. Сонымен қатар, жас буын зерттеушілерге шабыт беріп, ғылымға деген қызығушылықтарын арттырары сөзсіз.
Осы тұрғыдан алғанда, «Кондициялық емес түсті металлургия шикізатынан жоғары сапалы селен алудың экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологиясын әзірлеу және оны өндірістік жағдайда алу үрдісін ұйымдастыру» атты ғылыми жұмыс 2025 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп есептеймін. Бұл – ғылым мен тәжірибенің, ізденіс пен еңбектің, ұрпақтар сабақтастығының жемісі.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті
«Озық функционалды материалдар мен олардың композиттері Research & Development халықаралық орталығының» жетекшісі,
т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қабдрахманова С.Қ.