×

«Қуаныштан жылап отырмын»: аутизмі бар түлек Қазақстандағы беделді университетке грантқа түсті

Аутизм спектріндегі бұзылысы бар бала Қазақстандағы беделді жоғары оқу орындарының біріне грант ұтып алды

«Қуаныштан жылап отырмын»: аутизмі бар түлек Қазақстандағы беделді университетке грантқа түсті
скриншот

Бұл қуанышты жаңалықты оны жылдар бойы оқытып, әр қадамын жіті бақылап келген логопед әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Qaz365.kz тілшісі логопед-ұстаз Жандос Сайлаубаймен тілдесіп, ерекше баланың ҰБТ-ға дайындық жұмыстары қалай жүргені жайлы сұхбаттасты.

Жандос Сайлаубайдың айтуынша, оқушы жетістікке оңай жетпеген. Ұстаз бен шәкірт арасындағы жол ұзақ жылдарға созылған, талай қиындық пен сынаққа толы болған.

«Шыны керек, бұл – мен үшін де үлкен қуаныш. Аутизм бұзылысы бар бала грантқа оқуға түсті. Бұл хабарды естіп, мамасымен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, жылап та алдық. Бірақ ата-анасының өтініші бойынша баланың аты-жөні мен суретін жариялай алмаймын. Соңғы 11 жылда бірнеше рет пәтер ауыстырдым, ал олар әрдайым менімен бірге жаңа мектептерге көшіп отырды. Бұл жолдағы қаншама уақыт, күш, қиындықтар – бәрі есіме түсіп, көңілім босады. Мамасы әлі төрт жыл бойы бізбен байланыста болатынын айтты, бірақ мен өз бетімен де өмір сүріп көруіне мүмкіндік беруді ұсындым», – дейді логопед.

Бірінші сыныптан бастап бірге

Жандос Сайлаубай ерекше оқушысымен бірінші сыныптан бастап жұмыс істеген. Бастапқыда мінез-құлқында айқын ауытқулар байқалып, агрессия мен гиперактивтілік белгілері болған. Ұстаз алдымен мінез-құлықты түзетуге бағытталған коррекциялық жұмыстар жүргізген.

«Қоғамдық ортада өзін ұстай білуі үшін ұзақ дайындық қажет болды. Мектеп бағдарламасы барлық оқушыларға бірдей болғанымен, мен оны баланың жеке қабылдау деңгейіне сәйкестендіріп түсіндірдім. Математикадан бастап, қазақ тіліне дейін – бәрін өзім оқып, меңгеріп барып үйреттім. Диагноз – бала кезден басталған аутизм. Уақыт өте келе симптомдары жеңілдегенімен, диагноз сақталған, – дейді ол.

Мектептегі жылдары да оңай болмаған. Инклюзивті білім беру жүйесі енді ғана қалыптаса бастаған шақта анасы ұстаздармен, директорымен және психологтармен тығыз байланыс орнатқан. Әр жаңа мектепте класс жетекшісіне, әлеуметтік педагогқа және барлық мұғалімге баланың жағдайын толық түсіндіріп отырған.

«Қиындықтың бәрі басында болды. Ары қарай «Басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болады» деген қазақта сөз бар ғой. Ең басында екі-үш жылдай қиналасың, одан кейін ол сенің отбасыңның бір мүшесі сияқты болып кетеді екен. Бір-біріміздің көзімізге қарап түсінетін болдық. Жалпы мұғалімдерге толық ақпарат берілсе, олар міндетті түрде көмектеседі. Ал түсіндірмей, жай ғана қабылдай салса, балаға да, мұғалімге де қиын, – дейді ол.
Жандос Сайлаубай өзі бірнеше рет пәтер ауыстыруға мәжбүр болғанын айтады. Соған қарамастан, оқушының анасы ұстаздан бір елі ажырамаған.

«Біз сізбен 11-сынып бітіргенше бірге боламыз» деген уәдесін мамасы орындады. Оның қайсарлығы ерекше. Қазір шәкіртім елдегі беделді университеттердің біріне кәсіптік бағыттағы мамандыққа грантқа түсті. Мамандығын нақты сұрамадым, бірақ бұл – екеуміз үшін де үлкен жеңіс, – дейді логопед.

ҰБТ-ға қалай дайындалды

Ерекше баланың ҰБТ-ға дайындықтары да өзгеше өткен.

“Менің тікелей ҰБТ пәндерінен кәсіби білімім жоқ, бірақ қажетті тақырыптарды өзім үйреніп, содан кейін балаға түсіндіретінмін. Мысалы, математика есептерін YouTube арқылы меңгеріп алып, оны балаға жеткізетінмін. Ең бастысы – шыдамдылық пен жүйелілік. Сабақтар көбіне кешкі уақытта, басқа балалар кеткен соң өтетін. «Үлкен жігіт қой» деп, анасы ұялып, арнайы кешкі уақытта әкелетін», – дейді 16 жылдық тәжірибесі бар логопед-дефектолог.

Жандос Сайлаубайұлы ерекше балалардың ата-аналарына «ешқашан мойымаңыздар» деп кеңес айтады. Сөзінше, балаларыңызды қатарға қосу бақытына ең төзімді адам жетеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Ректор гранттары – бұл университеттердің өз тарапынан көрсетілетін қосымша қолдау түрі. Ол тегін немесе едәуір жеңілдікпен білім алуға мүмкіндік береді
Сирек мамандықтар (ветеринария, энергетика, су шаруашылығы, ирригация, гидротехнологиялар) бойынша өңірлік квота енгізілді.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →