Өңірлердегі тозығы жеткен жатақханалар мәселесін министрлік бақылауға алады
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен Qaz365.kz тілшісі өңірлердегі ескі жатақханалардың қазіргі жағдайы мен оларды министрлік бақылауына алу туралы сұрақ қойды.
«Өңірлердегі университеттер жатақханаларының тозығы жеткенін байқап жүрміз. Әрине, жөндеу жұмыстары сіздердің министрліктеріңіздің тікелей міндетіне кірмейді. Дегенмен, мемлекет гранты арқылы қаржыландырылып отырған университеттерден жатақханаларды талапқа сай ұстауды қаншалықты қатаң талап етесіздер? Кейбір жатақханаларға барсаң, тоқсаныншы жылдардағы кино түсіруге де жарайды. Толығымен тозған. Министрлік осы мәселені бақылауда ұстап отыр ма?» — деп сұрады тілші.
Министр жауабында өңірлердегі жатақханалардың жай-күйін жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Қазіргі таңда өңірлердегі жатақханаларға қойылатын талаптар күшейтілді. Олардың жайлылығы мен құрылыс стандарттары түбегейлі өзгерді. Соңғы 5 жылда өңірлерде 50-ден астам заманауи жатақхана салынды және іске қосылды. Мысалы, Алматы мен Петропавл қалаларында 1200 орындық жаңа жатақханалар пайдалануға берілді. Ескі жатақханалар күрделі жөндеуден өткізілуде — биыл 50-ден астам нысан күрделі, 560-тан астам нысан кезекті жөндеуден өтіп жатыр. Бұл ғимараттардың көбісі 50-60-70 жылдары салынған. Қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, өңірлердегі жатақхана тапшылығын жойдық. Соңғы бес жылда 250-ден астам жаңа жатақхана нысандары пайдалануға берілді», — деді министр.
Сондай-ақ министр өңірлердің ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы университет жатақханаларын бақылауға комиссия жіберіп, қосымша тексеретінін айтты.