Мемлекет басшысы шын мәнінде мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмыс атқарып жатқанын баса айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ең алдымен, баршаңызға дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуы құтты болсын! Бұл – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған өте маңызды басқосу. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін!- деді Президент.
Мемлекет басшысы шын мәнінде мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатқанын баса айтты.
Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шыққанын да алға тартты.
Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеруде. Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ, - деді мемлекет басшысы.
Президенттің атап өтуінше, азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі.
Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды. Бірақ өзгерістерді жасау – бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сонымен қатар қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленетінін еске салды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.
«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс, - деді президент.
Тоқаев жастар арасында мұғалім болуға қызығушылық артқанын да тілге тиек етті.
Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес.
Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды. Бұдан бөлек, халықаралық олимпиадалардан 1000-ға жуық медаль иеленді. Бұл, әрине, ұл-қыздарымыздың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі. Мен жақында осындай бір топ оқушыны Ақордаға арнайы шақырып, марапаттадым. Олар қазақтың зияткер ұлт екенін бүкіл әлемге танытып жүр. Жалпы, нақты жетістіктер аз емес. Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, алда атқарылатын шаруа одан да көп, - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екенін айтты. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн екеніне назар аудартты.
Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек. Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет. Себебі, білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін, - деді мемлекет басшысы.