Сәтбаев университетінде қайта жаңартылған студенттік жатақхана есігін айқара ашты. Дәл осы жерде әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі өзінің негізін қалаған болатын. Жаңартылған ғимарат «Дос-Мұқасан» ұясы» деп аталып, студенттердің жаңа үйіне ғана емес, университеттің бай тарихының белгісіне айналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бар-жоғы бірнеше ай бұрын бұл нысан сот шешімімен университетке қайтарылған еді.
Салтанатқа студенттер, оқытушылар мен қонақтар жиналды. Олардың арасында аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелері – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Ұлықпан Сыдықов, Мейірбек Молдабеков және Политехтің танымал түлектері болды.
Академик Ұлықпан Сыдықов осы жатақханада дүниеге келген «Той жыры» әнінің тарихымен бөлісті:
«Біз оны досымыздың тойына арнап жаздық. Кешке сахнаға шығуымыз керек болды да, жарты сағатта мәтінін, әуенін ойлап, бірден орындап шықтық. Бірнеше айдан кейін әнді бүкіл ел айтып жүрді, атын халық өзі қойды. 55 жыл өтті, бірақ бір нота да, бір сөз де өзгерген жоқ».
Жаңа жатақханада «Дос-Мұқасан» шығармашылығына арналған шағын көрме жасақталды. Оның орталығында – қалың жұрттың сүйікті әніне айналған «Той жырының» түпнұсқа қолжазбасы.
Университеттің Құрылыс департаментінің директоры Ришат Тыныбеков ғимаратты қалпына келтірудің күрделі инженерлік жоба болғанын атап өтті:
«Біз жатақхананың тарихи келбетін сақтап, сонымен қатар оны қазіргі заман талабына сай жабдықтауға тырыстық. Енді студенттер жайлы тұрмыспен қатар, оқуға және шығармашылыққа арналған кеңістікке ие болады».
Ішкі әрлеу жобасын университеттің докторанттары Данияр мен Асылгүл Байдаралиндер әзірлеп, эскизден бастап, безендіруге дейінгі жұмысты өздері қадағалады.
Барлығы 200 орындық жатақхананың ашылуы Сәтбаев университеті студенттік инфрақұрылымын дамытудың жаңа қадамы болды. Салтанат барысында ансамбль мүшелері мен университет басшылығы бірқатар бастаманы жария етті: бөлме дизайнына арналған байқау, «Дос-Мұқасан» дәуіріне қатысты фотосуреттер мен хаттарды жинау (аса құнды жәдігерге – 1 миллион теңге сыйақы беріледі), студенттерге арналған шығармашылық идеялар конкурсы (басты сыйлық – заманауи теледидар), сондай-ақ «Дос-Мұқасан» кафесінің үздік дизайны байқауы.
Алдағы жылдары университет жаңа жатақханалар мен кампустар салуды жалғастырады. Оның ішінде 955 орындық заманауи жатақхана жобасы да бар.
Бұл тарихи ғимараттың студенттерге қайтарылуы Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокуратурасының белсенді араласуымен мүмкін болды. Дәл осы прокуратураның талабы бойынша сот заңсыз жекешелендіру келісімдерін жарамсыз деп танып, жатақхананы Сәтбаев университеті қарамағына қайтарды. Осылайша «Дос-Мұқасан» атымен байланысты ғимарат өзінің басты міндетіне – студенттерге қызмет етуге қайта оралды.