Желіде тараған бейнежазба қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Кадрларда бір топ кішкентай баланың өздерімен құрдас қызды күштеп дәретханаға сүйреп кіргізгені, артынша тағы бірнеше ұлдың ішке кіргені анық көрінеді. Есік ашылған сәтте қыздың белдемшесін көтеріп, киініп жатқан сәті байқалады, деп хабарлайды Qaz365.kz Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Оқиға 5 сәуір күні Тараздағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары оқитын Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернатта болған.
Жамбыл облысының білім басқармасының мәліметінше, мектеп-интернат басшылығы оқиғаны жасырған. Қазір бұл дерекке байланысты жедел тексеру басталып, жауапты қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылған.
– Жамбыл облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне мектеп-интернат директорына қатысты әкімшілік іс қозғау ұсынысы жолданды. Қазіргі уақытта полиция құқықтық баға береді, – делінген ведомство хабарламасында.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысушылар – 1-2 сынып оқушылары.
– Олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарына хабарламау фактісі бойынша білім басқармасына лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдану ұсынылды, – деп атап өтті полиция департаменті.
Мамандардың айтуынша, білім беру сапасын бақылау департаменті мұндай істерді өз бетінше тексере алмайды, ол үшін прокуратураның нұсқауы қажет.