Ол кезінде министрлікке өткір сұрақтар қойған еді
Жаңа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс депутаты болған кезде дәл осы ведомствоның жұмысын жиі сынға алғандардың қатарында болды. Сол кездегі отырыстардың бірінде ол министрлікке бірнеше өткір сұрақ қойып, жүйелі өзгерістердің баяу жүріп жатқанын ашық айтқан еді, деп жазады Qaz365.kz.
Сүлейменованың сөзінше, білім саласында қордаланған мәселе көп, бірақ министрлік берген уәделерін орындамай келеді. Ол 2013 жылы қабылданған әлеуметтік аз қамтылған балаларға арналған мектеп-интернаттар туралы бұйрықты мысалға келтіріп, бұл құжаттың балаларды мектептен бастап бөліп-жаруға жол беретінін сынады.
«Мен бұл сұрақты былтыр да көтергенмін, бірақ еш өзгеріс жоқ», – деген еді экс-депутат осыдан екі жыл бұрын.
Сондай-ақ ол Ақтөбе облысындағы ашылмай тұрған алты мектептің тағдырына тоқталып, араға алты ай өтсе де нысандардың әлі пайдалануға берілмегенін айтты. Білім беру бағдарламаларының да ұзақ жылдар бойы жаңартылмай отырғанын сынға алып, дамыған елдерде мұндай құжаттардың әр 5–6 жыл сайын қайта қаралатынын еске салды.
«Білім беру бағдарламалары бойынша жаңартуды қашан жасайсыздар деп депутаттық сауал жолдадым. Маған сыдыртпа жауап бересіздер. Әрбір елде бұл бағдарламалар бес-алты жыл сайын өзгереді. Біз оны өзгертудің орнына бәрін тоқтатып қойдық», - деген еді ол.
Тағы бір маңызды мәселе – мұғалімдердің аттестациясы. Сүлейменованың айтуынша, аттестацияның тоқтап тұруы педагогтардың біліктілік санатын уақтылы дәлелдеуге мүмкіндік бермей, заңсыздық пен жемқорлық тәуекелін күшейтеді. Сонымен қатар Сүлейменова форумдарға бөлінетін қаражатты қысқартып, оның орнына PISA халықаралық зерттеуінде артта қалған өңірлерде нақты жұмыстарды бастауды ұсынған.
«Сіздің шешіміңізбен мұғалімдерді аттестациялау процесі тоқтап тұр. Бірақ бұл жерде екі мәселе бар. Қазіргі мұғалімдер бұрынғы аттестация нәтижесі бойынша әлі де жалақы алып отырса, бұл заңсыз. Шындығын айтқанда, бұл – жемқорлыққа жол беру. Мұғалімдер өздерінің санатын бір жарым жыл немесе алты жыл сайын аттестациядан өтіп растауы тиіс. Бұдан кейін форумдар өткізудің орнына біліктілікті арттыруға және PISA нәтижесі бойынша ең артта қалған өңірлермен жұмысты бастау қажет еді. Қаражаттың бәрі тек форумдарға жұмсалып жатыр. Барлық ұсынысты қайта қарап, нақты шешім қабылдаңыз», - деп сынаған Сүлейменова.
Енді экс-депутат Сүлейменова өзі осы министрліктің тізгінін ұстады. Сарапшылардың айтуынша, оның бұған дейін көтерген мәселелері жаңа министр ретіндегі негізгі жұмыс бағытына айнала ма – алдағы уақытта белгілі болады.