×

Ғалымдар қазақ халқының генетикасына қатысты ғылыми жаңалық ашты

Зерттеу барысында ғалымдар 21 ежелгі адамның геномын секвенирлеген

Ғалымдар қазақ халқының генетикасына қатысты ғылыми жаңалық ашты

Қазақ даласының көне тарихы жаңа ғылыми дерекпен толықты. Қазақстан, Оңтүстік Корея, Германия және АҚШ ғалымдарынан құралған халықаралық зерттеу тобы Шығыс Қазақстандағы Көкен қонысынан табылған көне адам сүйектерінің ДНҚ-сын зерттеп, Science Advances ғылыми журналында тың нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Зерттеу барысында ғалымдар 21 ежелгі адамның геномын секвенирлеген. Ең көне үлгі шамамен б.з.д. 5500 жылдарға, яғни 7 мың жыл бұрынғы ерте неолит дәуіріне тиесілі болса, қалғандары қола дәуірінің орта және кейінгі кезеңдеріне (б.з.д. 1800–1400 жж.) жатады және Андрон мәдениетімен байланысты.

Палеогенетикалық талдау нәтижесінде неолит дәуірінде қазіргі Қазақстан аумағында түрлі генетикалық топтардың өмір сүргені анықталды. Көкен тұрғындарының бірі ежелгі палеосібірлік, бірі ежелгі солтүстік еуразиялық тамырдан шыққанымен, олардың арасында туыстық байланыс болған. Бұл өз кезегінде 7 мың жыл бұрынғы қазақ жерінде әртүрлі этникалық және мәдени топтар араласқанын көрсетеді.

Ғалымдар сондай-ақ көне аңшы-терімшілердің генетикалық бейіні Тобыл–Есіл және Жоғарғы Обь өңірлерінің тұрғындарынан өзгеше болғанын анықтаған. Бұл неолит дәуіріндегі халықтардың өзен аңғарларымен бөлініп, жеке дамығанын, яғни ертедегі Қазақстан халқының өзіндік популяциялық құрылымы болғанын айғақтайды.

Зерттеу нәтижесі Көкеннің ежелгі тұрғындары кейінгі қола дәуіріндегі малшылар мен көшпелі қоғамдардың генетикалық негізін қалыптастырғанын көрсетті. Бұл генетикалық желі бүгінгі қазақтар мен Орталық Азия халықтарының геномында әлі күнге дейін сақталған.

Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының басшысы, биология ғылымдарының кандидаты Мақсат Жабағиннің айтуынша, бұл жаңалық қазақ халқының генетикалық тарихын 7 мың жылға тереңдетіп отыр.

«Біздің нәтижелер қазақ халқының генетикалық тарихы кемінде жеті мың жылға созылатынын айғақтайды. Орталық Азия халықтарындағы шығысеуразиялық компонент тек түркі және моңғол дәуірінен емес, Ертіс бойын мекендеген неолиттік байырғы қауымдардан бастау алады. Ертіс өңірі ежелден Еуразия кеңістігіндегі генетикалық және мәдени ықпалдастықтың маңызды торабы болған», – деді ол.

Зерттеу жобасы Мақсат Жабағин (Қазақстан, Ұлттық биотехнология орталығы), Чунгвон Чон (Оңтүстік Корея, Seoul National University), Кристина Вариннер (АҚШ, Гарвард университеті және Германиядағы Макс Планк институты) және Паула Думани Дюпюи (Қазақстан, Назарбаев университеті) жетекшілігімен жүзеге асты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Талғардан басталды: Мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді
Бүгін, 13:13

Талғардан басталды: Мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді

Буллингке және ерте жүктілікке қарсы бастамалар қолға алынып жатыр
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген беделді ғалымдар мен сарапшылар Алматыда бас қосты
Атырауда жастардың құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған зияткерлік сайыс өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →