Астанадағы М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Қоғамдық кеңістіктегі тарихи білім: сапа, кәсіби қоғамдастық этикасы және жауапкершілік» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті. Шарада тарих ғылымының қазіргі жағдайы, тарихи деректердің сапасы мен қоғамдағы ақпараттық жауапкершілік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы қазіргі таңда тарихи тақырыпқа қызығушылық артқанымен, кәсіби тарихшылардың белсенділігі мен жауапкершілігі төмендеп кеткенін айтты.
– Қазір тарихқа әркімнің таласы бар. Өйткені әр адам өз тарихына қызығады, бұл табиғи құбылыс. Бірақ біз, кәсіби тарихшылар, соған лайықты қызмет етіп отырмыз ба – бұл үлкен сұрақ. Белсенділіктің төмендігінен бейресми пікірлер көбейіп кетті. Тарихты түзеу үшін тарихнаманы, дерекнаманы және әдістемені ұлттық ұстаным тұрғысынан қайта қарау керек, – деді ол.
Профессордың айтуынша, ұлттық тарих әлі толық қалыптасқан жоқ, ал кеңестік концепция негізінде жазылған еңбектерді жаңарту жұмысы баяу жүруде. Ол сонымен қатар тарихи еңбектердің сапасыз аудармасына назар аударды.
– «Тарих-и Рашиди» сияқты маңызды еңбектерді кәсіби емес мамандар аударған. Сондықтан оны академиялық деңгейде қайта қарау қажет, – деді Тұрсынхан Зәкенұлы.
Өз кезегінде PhD докторы Меруерт Тлебалдиева жасанды интеллект дәуіріндегі тарихи ақпараттың қауіпсіздігі мен құндылығына тоқталды.
– Бүгінде жасанды интеллекттің дәуірі басталды. Енді сұрақ – біз архивтегі деректерді, тарихи құжаттарды толық цифрландыруымыз керек пе? Оларды ашық дереккөздерге енгізу қаншалықты дұрыс? Бұл бағытта терең ойлану қажет, – деді ол.
Кездесу барысында сарапшылар тарихи білімнің сапасын арттыру, кәсіби қауымдастық этикасын сақтау және қоғамдағы тарихи жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар білдірді.