×

ҚазҰУ ғалымдары жүрек ауруын ерте анықтайтын «Zhurek AI» платформасын әзірледі

Бұл дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, диагностика процесін жеделдетеді

ҚазҰУ ғалымдары жүрек ауруын ерте анықтайтын «Zhurek AI» платформасын әзірледі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін «Zhurek AI» жасанды интеллект платформасын жасап шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жүйе адамның жүрек-қан тамыр жүйесіндегі ауытқуларды автоматты түрде талдап, қауіптілік деңгейін бағалай алады. Бұл дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, диагностика процесін жеделдетеді.

Пайдаланушы платформаға қан талдауының нәтижесін (PDF форматында) жүктеп, арнайы сауалнаманы толтырады. Кейін алгоритм барлық деректерді талдап, ықтимал қауіптерді шығарады. Егер науқастың жағдайы қауіпті деп танылса, жүйе дереу дәрігерге жүгінуді ұсынады.

«Zhurek AI» платформасы терең нейрондық желілер (DNNs) мен үлкен маржалы тірек векторлар әдісі (Large-margin SVMs) сияқты күрделі алгоритмдерге негізделген. Бұл технология диагностикалық дәлдікті арттырып, адам көзі байқамаған ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді.

– «Zhurek AI»-дың басты артықшылығы – жылдамдығы мен дәлдігі. Платформа мыңдаған нақты медициналық деректер негізінде оқытылған, сондықтан ол кейде дәрігер байқамаған белгілерді де анықтай алады. Бұл ерте диагностика үшін аса маңызды, – дейді ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және интернет заттар зертханасының ғылыми қызметкері Әсия Балтабаева.

Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған. Зерттеу нәтижелері ғылыми басылымдарда жарияланып, түрлі конкурстарда таныстырылған.

Инновациялық жобаны ҚазҰУ-дың 15 ғалымы бірлесе әзірлеген. Болашақта мамандар платформаны іске қосып, оны коммерцияландыруды жоспарлап отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →