×

ҚазҰУ-да «Араб тілі айы» басталды

Бұл жоба Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр

ҚазҰУ-да «Араб тілі айы» басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық мәдени-ағартушылық жоба – «Араб тілі айы» ресми түрде ашылды. Шараға министрлік өкілдері, араб елдерінің дипломаттары, ғалымдар және студенттер қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл жоба Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оны Сауд Арабиясы Корольдігі Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы мен ҚазҰУ, ЕҰУ бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

ҚазҰУ басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов екі ел арасындағы мәдени және білім беру байланыстарының жылдан жылға нығайып келе жатқанын атап өтті.

«Ортақ рухани құндылықтарымыздың негізінде ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Мұндай мәдени жобалар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы достықты нығайта түседі», – деді ол.

Ал Халықаралық араб тілі академиясының бас хатшысы, доктор Абдулла әл-Уашми Қазақстандағы араб тілін дамытуға бұл бастама тың серпін бергенін айтты.

«Қазақстанмен достық байланысымыз күн сайын артып келеді. Өткен жылы ҚазҰУ-мен қол қойылған ынтымақтастық хаттамасы екіжақты ғылыми және мәдени жобаларды күшейтті», – деді ол.

Шара барысында студенттер арасында өткен «Араб каллиграфиясы», «Араб поэзиясын мәнерлеп оқу» және «Араб сторителлингі» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

Сонымен қатар алдағы төрт апта бойы шеберлік сабақтары, тренингтер мен көрмелер ұйымдастырылып, араб мәдениеті мен өнері кеңінен таныстырылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының білім мен ғылымды ел дамуының негізгі тірегі ретінде айқындаған саясатына сай келеді және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарындағы «Сапалы білім» және «Серіктестік» бағыттарын қолдайды.

Айта кетейік, Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы 2020 жылы құрылған. Осындай жобалар бұған дейін Әзірбайжан, Малайзия, Испания және Қытайда сәтті өткен.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →