×

Қарағанды облысында жаңа үлгідегі тағы бір мектеп ашылды

Қарағанды облысында жаңа үлгідегі тағы бір мектеп ашылды
Қарағанды облысының әкімдігі

Республика күні қарсаңында Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы кентте «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында заманауи жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

300 орындық білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Кең әрі жарық кабинеттер заманауи жиһаздармен жабдықталған. Мектепте асхана, кітапхана, акт және спорт залдары, STEM-зертхана, робототехника, графикалық дизайн және жаратылыстану-математикалық бағыттағы кабинеттер бар. Түрлі үйірмелер мен шығармашылық бөлмелер де қарастырылған.

Оқу ордасына жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 22 интерактивті тақта орнатылған. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған – мектеп полициямен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін дабыл түймелері мен бейнебақылау жүйесімен қамтылған.

Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөз сөйледі.

– Қымбатты балалар! Бүгін сіздердің алдарыңызда үлкен мүмкіндіктердің есігі ашылды. Бұл мектеп сіздердің армандарыңыздың бастауына айналсын. Ізденімпаз, білімге құштар, отанын сүйетін ұрпақ болып өсіңіздер, – деді аймақ басшысы.

Жаңа мектеппен танысқан оқушылар алғашқы сабақтарын бастап кетті.

Осындай жаңа мектепте оқу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын. Біз бұл сәтті ұзақ күттік. Барлық кабинеттерді аралап шықтық. Маған әсіресе би сыныбы қатты ұнады – тура фильмдегідей, – дейді 9-сынып оқушысы Нұрай Ермекова.

Бейнелеу өнері және еңбек пәнінің мұғалімі Көмекбай Түсіпбеков жаңа еңбек кабинеті заманауи құралдармен толық жабдықталғанын айтты.

– Мұнда темір және ағаш шеберханалары, заманауи құрал-жабдықтар мен презентациялар жасауға арналған цифрлық технологиялар бар.  Енді оқушылардың еңбекке қызығушылығы арта түседі деп сенемін, – дейді ұстаз.

Мектептің тағы бір ерекшелігі – бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктардың болуы және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған лифттің орнатылуы.

– Бұрын мұндай заманауи мектеп біздің арманымыз еді. Енді міне, ол орындалды. Мектеп барлық стандарттарға сай, – дейді мектеп директоры Алма Әбеуова.

Мектеп аумағы да толық абаттандырылған: футбол, волейбол, баскетбол және хоккей алаңдары, воркаут аймағы бар.

Айта кетейік, соңғы екі жылда Қарағанды облысында жеті жаңа мектеп салынды, оның төртеуі «Келешек мектебі» жобасы аясында жүзеге асырылған. Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында да дәл осы бағдарлама бойынша жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →