Елордада Сәтбаев университетінің жаңа инженерлік кампусы ашылды. Бұл нысан инженерлік білім, ғылым және инновацияны ұштастыратын заманауи орталыққа айналмақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тоқсан жылдық тарихы бар Сәтбаев университеті осы уақытқа дейін 160 мыңнан астам инженер даярлаған. Олар еліміздің индустрия, энергетика, геология және машина жасау салаларының дамуына зор үлес қосты. Астанада ашылған инженерлік кампус осы дәстүрді жалғастырып, солтүстік өңірлерге қажет жаңа буын инженерлерін тәрбиелеуге бағытталып отыр.
Кампус заманауи зертханалармен, робототехника және энергетика кабинеттерімен, аддитивті технологиялар мен машина жасауға арналған оқу орталықтарымен жабдықталған. Сондай-ақ студенттерге арналған коворкингтер мен зерттеу кеңістіктері де қарастырылған.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова елордадағы жаңа кампустың ашылуы білім саласындағы маңызды қадам екенін айтты.
«Астанада Сәтбаев университетінің жаңа кампусының ашылуы – жоғары білім беру жүйесінің кеңеюінің, оның уақыт талабына жауап беруге және Қазақстанның орталық өңірі экономикасына қажетті кадрларды даярлауға ұмтылуының тағы бір нышаны болып отыр», – деді ол.
Ал университет ректоры Мейрам Бегентаев жаңа кампус Сәтбаев университетінің стратегиялық бағытының бір бөлігі екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – білім мен ғылымды және индустрияны біріктіріп, инженер болуға ұмтылған әрбір адам үшін техникалық білімді қолжетімді ету», – деді ректор.