×

Жетісу облысы Достық ауылында «Келешек мектебі» ашылды

Жалпы Жетісу облысында Бүгінгі күні облыста 6 мектептің құрылысы жүргізілуде, соның 3-еуі биыл қолданысқа беріле

Жетісу облысы Достық ауылында «Келешек мектебі» ашылды

Жетісу облысы Алакөл ауданы Достық ауылында «Келешек мектебі» ұлттық жобасымен заманауи жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

600 орынға арналған бұл білім мекемесі аталған жоба аясында тұрғызылған облыстағы екінші мектеп. Бұған дейін осындай 1200 орындық Панфилов ауданының Жаркент қаласында ашылған болатын.

Жаңа мектептің ашылуына арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады:

Республикалық Тамыз конференциясында Президентіміз қала мен ауыл мектептеріндегі білім беру деңгейін теңестіру міндетін қойған болатын. Соған сәйкес облыста әсіресе ауылдық жерлердегі білім саласының инфрақұрылымын жақсартуға көп көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын мектептердің материалдық-техникалық базасын нығатуға да ерекше назар аударылады. «Келешек мектебі» жобасының да негізгі мақсаты осы, - деген Диас Есдәулетов оқушыларға оқуда табыс, мектеп ұжымының еңбектеріне жеміс тілеп, мектепке автобус көлігінің кілтін тапсырды.

Сол сияқты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ  Ұлттық жобаны іске асыру және өңірлік даму жөніндегі құрылыс департаментінің директоры Қайрат Өтегенов тілегін білдірді. Мұнан соң «VentKarkara service» құрылыс компаниясының директоры Еркін Ахметжанов мектеп директоры Айнагүл Садиеваға мектептің символдық кілтін ұсынды.

Осыдан кейін қонақтар, жалпы жиналған қауым мектептің ішін аралап көрді. Бұл жаңа мектеп талапқа сай жабдықталған, мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Жаңа пән кабинеттері, робототехника, лингвистика кабинеттері, STEM зертханасы, кітапхана, шеберхана, хореография залы, асхана және басқа да қажетті сыныптар мен залдар қарастырылған. Мектепте 59 мұғалім жұмыс істейді. Солардың ішінде жаңадан оқу бітіріп келген жас мамандар да бар. 

Мен мектепті осы Достық ауылынан оқып бітіргенмін. Жоғары оқу орнын тәмамдап, жас маман ретінде өз ауылыма еңбегімді сіңіруге келіп отырмын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Алғашқы еңбек жолымды осындай «Келешек мектебінен» бастау – мен үшін мәртебе. Көрсетіліп жатқан әдістемелік көмектер, қолдануға ыңғайлы инфрақұрылымдық технологиялар жас мамандарға үлкен қолдау болады деп ойлаймын, - дейді Гүлнұр Абылайханова.

Ата-аналар қауымы да жаңа мектептің салынғанына дән разы.

Бүгін баршамыз үшін ерекше қуанышты күн. Шалғай орналасқан Достық ауылында білім мен тәрбиенің жаңа ордасы ашылып отыр. Ата-аналар қауымы да, балаларымыз да осы күнді асыға күттік. Атына заты сай заманауи техникамен  жабдықталған осындай мектепте оқу - біздің балаларымыз үшін керемет мүмкіндік. Сапалы білім алып қана қоймай мұнда түрлі үйірмелерге қатысып, жан-жақты дамуларына барлық жағдай жасалғаны бізді қатты қуантты. Енді тек қана жақсы оқып, алаңсыз білім алуын ата-ана ретінде қадағалап, мұғалімдермен қоян-қолтық жұмыс істейміз, - дейді Жадыра Мұжыбаева.

Жалпы Жетісу облысында Бүгінгі күні облыста 6 мектептің құрылысы жүргізілуде, соның 3-еуі биыл қолданысқа беріледі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →