×

ҰБТ форматы түбегейлі өзгереді

ҰБТ форматы түбегейлі өзгереді
Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемдік білім және таланттарды дамыту саласындағы жетекші ұйым – ETS (Educational Testing Service) халықаралық құрылымымен бірлесіп, Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесін трансформациялауға кірісті, деп хабарлайды Qaz365.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, ETS-тің білімді өлшеу мен бағалау саласындағы жаһандық тәжірибесіне сүйене отырып, ҰБТ форматы тек академиялық білімді емес, сонымен қатар өмір мен кәсіби табысқа қажет негізгі дағдыларды бағалайтын жүйеге айналады.

– Дағдыға негізделген жаңа тестілерді әзірлеу студенттерге жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа буынды табысты кәсіби өмірге дайындап, елдің инновациялық даму әлеуетін күшейтеді, – делінген министрлік хабарламасында.

Жаңартылған формат барлық талапкер үшін тең мүмкіндік пен әділдікті қамтамасыз етпек. Енді әр түлекке икемді тест комбинациялары ұсынылып, бірыңғай бағалау жүйесі енгізіледі. Бұл — өңір, мектеп немесе оқыту тіліне қарамастан, барша талапкерге бірдей мүмкіндік береді.

ETS енгізетін инновациялық тәсіл жасанды интеллект технологиялары, заманауи психометриялық әдістер және интеллектуалды талдау жүйесіне негізделеді.

– Жасанды интеллектке сүйенген адаптивті тестілеу, автоматтандырылған бағалау және интеллектуалды аналитика әдістері тест тапсыру процесін барынша әділ, сенімді және объективті етеді. Барлық тестілер ғылыми негізделген заманауи әдістермен әзірленеді және олардың нәтижелері әлемдік деңгейде мойындалады, – деп мәлімдеді ведомство.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →