Қазақстандық оқушылар Тәжікстанның астанасы Душанбеде өткен KhIMIO2025 халықаралық математика және информатика олимпиадасында үздік нәтижеге қол жеткізді. Олар ел қоржынына сегіз медаль салып, жүз пайыздық көрсеткіш көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Биыл 5-9 қараша аралығында өткен білім сайысына 10 елдің үздік жас өрендері қатысты. Қазақстан құрамасы екі жас санатында: 14–15 жас (7–8 сынып) және 16–18 жас (9–11 сынып) аралығындағы оқушылардан жасақталды.
Нәтижесінде барлық қатысушы жүлдегер атанып, ел намысын абыроймен қорғады.
Жоғары жас санаты (9–11 сынып):
– Мансур Мамадахунов – Қызылорда облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты (информатика) – алтын медаль;
– Алдияр Сейтбай – Астана қаласындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты (информатика) – күміс медаль;
– Әли Еркебұланұлы – ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебі, Алматы (математика) – күміс медаль;
– Бердібек Орынбасар – Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты (математика) – күміс медаль.
Кіші жас санаты (7–8 сынып):
– Ахмет Бердімұрат – Ақтөбе облыстық «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты (математика) – күміс медаль;
– Темір Оразбек – Республикалық физика-математика мектебі, Алматы (математика) – күміс медаль;
– Азамат Рахимбердиев – Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты (информатика) – күміс медаль;
– Ислам Ермуханов – Ақтөбе облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты (информатика) – қола медаль.
Олимпиаданың ресми тілдері – ағылшын, орыс және тәжік тілдері. Қатысушылар математика мен информатика пәндері бойынша теориялық және практикалық кезеңдерде білімін сынға салды.
Қазақстан құрамасының бұл халықаралық додаға қатысуына Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсетіп, ұйымдастыруды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қамтамасыз етті.