STEM саласында АҚШ-та биікке көтерілген Аида Мейірбекова жас буынға шабыт пен сенім сыйлайды
Жаңа жылдың басталуы – жоспар құратын, биік мақсаттар белгілейтін, кәсіби дамуда жаңа парақ ашатын ерекше кезең. Әрқайсымыз жаңа жылда мансапта өсуді, жаңа жобаларды бастауын немесе өз саламызда үлкен қадам жасауды мақсат етеміз. Осындай уақытта нақты үлгі, табандылық пен еңбек арқылы биікке жеткен тұлғаларды көру – ең мықты мотивация. Солардың бірі АҚШ компаниясына онлайн жұмыс істеп, халықаралық деңгейде мойындалған қазақстандық STEM маманы Аида Мейірбекова, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тараз қаласында дүниеге келіп, жас кезінен математика мен логикалық тапсырмаларға қызыққан Аида өз болашағын ғылым мен технологиямен байланыстыратынын ерте түсінген. Мектептегі үздік жетістіктері мен еңбекқорлығы оны Болашақ халықаралық стипендиясына жеткізді.
Сол сәттен бастап оның кәсіби жолы кеңейіп, әлемдік деңгейге шықты. Аида АҚШ-тың беделді оқу орындарының бірі Мичиган Университетінде компьютерлік инженерия мамандығы бойынша білім алып, үздік техникалық дайындықтан өтті. Бұл оның күрделі жүйелерді түсініп, кейін кәсіби ортада сенімді қадам жасауына берік негіз болды.
Оқуын аяқтаған соң Аида Қазақстанға оралып, PwC, KPMG және EPAM Systems секілді халықаралық компанияларда жұмыс істеді. Мұнай-газ, телеком, қаржы және мемлекеттік сектордағы ірі цифрлық жобаларға қатысып, бизнес-үрдістерді талдау, автоматтандыру және IT-архитектураны жобалауда құнды тәжірибе жинады. Әріптестері оның кез келген күрделі мәселені нақты құрылымға келтіру қабілетін, ақпаратты түсінікті тілге аудара білетінін ерекше атап өтеді. Бұл үлкен жобаларда ең бағалы дағдылардың бірі болып табылады.
2021 жылдан бастап АҚШ-тағы Corastone компаниясына жұмысқа шақырылған жерлесіміз Аида жетекші бизнес-аналитик ретінде қызмет етеді. Аида бүгінде толықтай қашықтан жұмыс істейді және бұл қазіргі заманның жаңа мүмкіндігі әрі кәсіби еркіндіктің айқын белгісі. Осы өзгерісті ол Қазақстандағы жастар да тиімді пайдалана алу керек деп санайды. Оның айтуынша, 2023 жылы әлемдік еңбек нарығы бұрынғыдан бетер ашық, әсіресе ағылшын тілін еркін меңгерген мамандар үшін.
“Қазір әлемнің кез келген нүктесінде отырып, АҚШ компаниясына жұмыс істей аласыз. Жұмыс тәсілі өзгерді, ең басты талап ол ағылшын тілі мен кәсіби дағды. Қалғаны мекенге тәуелді емес,” – дейді жас маман.
Аида жастарға жаһандық компанияларға жұмысқа тапсыруға қорықпауға кеңес береді, себебі жаңа технологиялар дамыған сайын шекарасыз жұмыс істеу бұрынғыдан да қолжетімді.
Аида АҚШ-тағы қызметінде компания ішіндегі бизнес-анализ мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, талаптарды жинау жүйесін, құжаттандыру тәжірибесін және Agile-процестерін жетілдірді. Оның енгізген әдістері бүгінде бірнеше жобаның негізгі жұмыс стандарттарына айналды. Бұл техникалық білімі терең, басқарушылық дағдысы мықты маманның еңбегі.
Аида шетелде табысқа жеткенімен, Қазақстан жастарының дамуын ұмытпайды. Ол жиі жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың халықаралық мансапқа деген сенімін нығайтады. Жаңа жылда үлкен мақсат қойып жүрген жастар үшін Аида былай дейді:
“Үлкен мақсаттан қорықпаңыз. Жүйелі еңбек пен тәртіп кез келген арманды жақындатады. Күн сайын бір пайыз болсын даму болашағыңыздың іргетасы.”
Ол әсіресе қыздардың STEM саласындағы рөлі маңызды екенін айтады.
“Технология – тек ерлер әлемі емес. Қыздардың аналитикалық ойлауы, нақтылығы, ұқыптылығы IT мен инженерияға үлкен серпін бере алады.”
2023 жыл Қазақстан үшін цифрлық серпілістің кезеңі болмақ. Елде жаңа жүйелер іске қосылып, бизнестен бастап мемлекеттік басқаруға дейін цифрлық шешімдерге сұраныс арта түсуде. Осындай уақытта әлемдік деңгейде мойындалған, күрделі жүйелерді жақсы түсінетін мамандардың рөлі ауадай қажет. Аида Мейірбекова дәл осындай буынның өкілі.
Оның кәсіби жолы жас буынға шабыт беретін шынайы мысал. Ол шетелде білім алып, тәжірибе жинап, бәсекеге қабілетті маманға айналды. Бірақ ең маңыздысы Аида кез келген жастың өз әлеуетін жүзеге асыра алатынына сендіргісі келеді.
“Сіздің мақсатыңыз өзгелермен салыстыру емес, өзіңіздің кеше болған деңгейіңізден жоғары болу. Ал жаңа жыл соған жақсы мүмкіндік”, – дейді Аида.
Қаңтар – жаңа бастаманың айы. Аида Мейірбекова сияқты табанды, білімді және еңбекқор жастар Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастырып келеді. Жаңа жылда үлкен мақсат қойған әр маман өз жолын тауып, арманына бір қадам жақындайды. Аиданың тарихы соның айқын дәлелі.