Сәтбаев университетінің жас ғалымдары еуропалық әріптестерімен бірлесіп, судың құрамындағы зиянды қоспаларды қауіпсіз әрі тиімді түрде жоюға арналған жаңа материалдар мен озық технологияларды әзірлеу үстінде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мұндай мүмкіндік CLEANWATER жобасы арқылы ұсынылып отыр, бұл жоба Еуропалық одақ қаржыландыратын Horizon Europe – Marie Skłodowska-Curie Actions (MSCA) бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаға 10 елден жиналған 13 ғылыми топ қатысуда, олардың қызметкерлері бірнеше ай бойы өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Испаниядағы University of Alicante университетінде қазақстандық төрт докторант – Елриза Есжан, Мұхтар Әліпұлы, Лаура Сеймуханова және Диас Мұлдаш белгілі профессор Хоакин Сильвестре-Альбероның (Joaquin Silvestre-Albero) жетекшілігімен ғылыми жұмыс жүргізуде. Олар табиғи шикізаттан алынған көміртекті материалдарды қолдана отырып, судың құрамындағы органикалық ластағыш заттарды жоюдың жаңа әдістерін зерттеп жатыр. Мұндай тәсіл су тазартудың ең перспективалы және экологиялық қолайлы технологиялық тәсілдің бірі ретінде танылған.
Сонымен қатар Венгриядағы Budapest University of Technology and Economics университетінде Еуропада кең танымал профессор Кристина Ласлоның (Krisztina László) жетекшілігімен PhD докторы Махаббат Қонарбекова ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Судың сапасын жақсарту және қоршаған ортаны қорғау – Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды мәселелерінің бірі.
«Біз арнайы тәсілмен алынған биокөмірдің қасиеттерін және судың құрамындағы ауыр металдар мен қауіпті органикалық қосылыстарды тиімді түрде бөліп алу үшін оны қалай қолдану керектігін зерттеп жатырмыз, – деді Махаббат Қонарбекова өз сөзінде. – Мұндай материалдар болашақта суды тазартуға арналған қолжетімді әрі экологиялық қауіпсіз тәсіл бола алады».
MSCA CLEANWATER жобасы – Қазақстан мен Еуропаның ғылыми қауымдастықтарын біріктіретін өте маңызды бастама болып саналады. Жас зерттеушілер халықаралық зертханалардың озық тәжірибесін меңгеріп қана қоймай, алған білімдерін өз отанына әкеліп, осылайша экологиялық қауіпсіз технологияларды дамытуға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға үлес қоспақшы. Олардың еңбегі – елдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға және экономиканың тұрақты өсуіне қосылған зор үлес. Суды тазартудың заманауи экологиялық әдістерін әзірлеу – келешек ұрпақтарымыздың таза ортада өмір сүріп, сапалы су қолдануы үшін жасалған ортақ қадам болып табылады.