Биыл 95 жылдық тарихымен елдік мұратты айшықтаған С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің төрінде руханият пен өнер тоғысты. Алаш еркіндігін ту еткен қазақтың дара да даңқты перзенті, әлем сахнасында ел абыройын асқақтатып жүрген Димаш Құдайберген білім мен ғылымның қара шаңырағына арнайы келіп, болашақ дәрігерлермен сәнді де мәнді кездесу өткізді. Аяулы ұстаздар қауымы да жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Құлақтан кіріп, бойды алар жақсы ән мен тәтті күй», – деп қазақтың бас ақыны хәкім Абай бекер айтпаса керек. Домбыра үнін естіген жанның жүрек түбінде жатқан қайсар рухы оянып, арқасы қозбай тынбайтыны хақ. Өнер иесінің сырлы әңгімесі мен сылқым күйі дүйім жұртты шығармашылық пен шабыттың шексіз әлеміне әкеткендей болды.
Есте қалар есті кеште Басқарма Төрағасы – Ректор Шоранов Марат Едигеевич Ғылыми кеңестің шешімімен Дінмұхамед Қанатұлы Құдайбергенге жас ұрпақты шабыттандырып, мәдени құндылықтарды насихаттап жүргені үшін университеттің ең жоғары марапаттарының бірі – «Құрметті профессор» атағын салтанатты түрде табыстады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қос қайраткері – Қанат пен Светлана Айтбаевтар отбасына өз алғысын білдірді.
«Құрметті студенттер, Димаштың өмірі сіздерге үлгі-өнеге! Қай салада болмасын, адал еңбек етіп, үлкен мақсат қоя білсеңдер, жетістікке жету әбден мүмкін», – деп сөзін тәмамдады ректор.
– Димаш мырза, қош келдіңіз. Жақында БҰҰ-ның халықаралық көші-қон ұйымының жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалдыңыз. Қандай жоспарларыңыз бар?
– Ассалаумағалейкүм, құрметті жиналған қауым, ақ жаулықты абзал жандар, ұлағатты ұстаздар! Сіздердің нұрлы жүздеріңізбен дидарласып отырған менде арман жоқ. Ерекше қуаныштымын. Агенттіктің елшісі есебінде біраз жұмыс тындырғым келеді. Бұл лауазымға бірер күн бұрын келдім. Алдағы уақытта жобаларымызды, бағдарламамызды ұсынып көре жатармыз. Қоғамда мигранттардың рөлін айшықтауға көмектесу – менің басты мақсатым, миссиям.
– Өмірде ұстанатын қағидаңыз қандай? Шабыт сыйлар қанатты сөздер, басты құндылық жайында ой тарқатсаңыз.
– Басты құндылық – рухани құндылық. Жалпы, қай мамандық өкілі болмасын, мен үшін оның таланты мен біліктілігінен гөрі, адами қасиеті маңызды. Өз басым адамның жан дүниесі мен рухани байлығына ерекше көңіл бөлемін әрі артымнан еріп келе жатқан іні-қарындас, бауырларыма осыны үгіт-насихат етуден еш шаршаған емеспін. Неге десеңіз, дәл осы қасиет сіздің болашақта дамуыңызға негіз болары сөзсіз.
– Әлем Димашты тыңдайды, Ал Димаш кімді тыңдайды?
– Жаңа музыкалық бағыт бойынша творчестволық ізденіс барысында ән тыңдаймын, әрине. Ал, күнделікті өмірде әуен, композициялардан сәл де болса демалғанды ұнатамын қазір.
Атақ, абыройдың бәрін жас шағында алып қойған XX ғасырдың ең үздік үш тенорының бірі һәм бірегейі – Лучано Паваротти есімді танымал әнші жетпіске таяған шағында ән орындауды енді түсінгендеймін деген екен. Бәлкім, ән салуды әлі күнге дейін түсінбей келе жатқан шығармын. Алайда, ізденіс болу керек. Талмай, тынбай еңбектену қажет. Жастар, сіздер таңдаған сара жол – тым ауыр әрі қиын. Медицина – ағаттықты, қателікті кешірмейтін мамандық. Сол себептен ізденіске, білім алуға, өздеріңізді дамытуға Алла Тағала күш-қуат берсін дегім келеді. Алдағы емтихандарыңызға сәттілік тілеймін!
Алтынай МАХИМОВА