×

Жетісу облысында Жаңа жылда бейімделген мектептің орнына 120 орындық жаңа мектеп іске қосылды

Жетісу облысында Жаңа жылда бейімделген мектептің орнына 120 орындық жаңа мектеп іске қосылды

Жетісу облысында Жаңа жылда 25 орынды шағын орталығы бар 120 орындық жаңа мектеп іске қосылды. Ақсу ауданы Көлтабан ауылындағы бұл білім ошағы бейімделген мектептің орнына салынды. Бұрынғы ғимаратта асхана, спорт зал мен  мәжіліс залы болмаған. Сонымен қатар бұған дейін мектепте оқушылар 9 сыныпқа дейін білім алса, ал 10-11 сынып оқушылары басқа елді мекендердегі мектептерге тасымалданған болатын, - деп хабарлайды Qaz365.kz

Мектептің ашылуымен ауыл тұрғындарын облыс әкімінің атынан өңір басшысының орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.  

- Президенттің тапсырмасына сәйкес өіңірде қала мен ауыл мектептеріндегі оқыту деңгейін теңестіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мектеп ғимараттарын жаңарту, материалдық-техникалық базаларын нығайту кезең-кезеңімен атқарылуда. Мәселен, осы Көлтабан ауылындағы мектепте балалар ұзақ жылдан бері бейімделген ғимаратта оқып келген болатын. Бүгін, міне, ауылда 120 орындық заманауи мектеп пайдалануға беріліп, жайлы әрі қауіпсіз білім алуға мүмкіндік жасалып отыр, ғимарат заманауи талапқа сай жабдықталған: пән кабинеттері, ІТ сыныптар, спорт және акт залдары, кітапхана мен зертханалар қарастырылған. Біз білім беру саласына қолдау шараларын бұдан былай да жалғастырамыз. Жаңа мектеп ұстаздарының бастамалары баянды, еңбектері жемісті болсын. Ал оқушыларға айтарым, осы мектептен сапалы білім алып, еліміздің дамуына үлес қосатын адал азамат болып өсулеріңізге тілектеспін, - деген Диас Есдәулетов жаңа модификациядағы химия кабинетінің жабдықтарын сатып алуға арналған сертификат табыстады.

Сол сияқты Көлтабан ауылы тұрғындарының атынан ардагер Мұрат Рахымов алғысын жеткізді.

Мұнан соң мектептің құрылысын жүргізген мердігер ұйым — «СП NEFT» ЖШС директоры Нұрлан Қадырбаев жаңа мектептің символикалық кілтін білім беру мекемесінің директоры Жамбы Біржановаға табыстады. Ғимараттың лентасы қиылып, мектеп салтанатты түрде ашылғаннан кейін қонақтар білім ошағының ішін аралап көрді.

Атап өтсек, үш қабатты жаңа мектеп ғимаратында 11 пәндік кабинет, 2 шеберхана, кітапхана, спорт және акт залдары, асхана, сол сияқты 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталық бар. Бұған дейін бұл орталық тек түске дейін ғана жұмыс істесе, қазір барлық мүмкіндік жасалғандықтан толық жұмыс күніне көшкен.  

Жергілікті тұрғындар жағымды жаңалыққа қатысты пікір бөлісті. Олардың қатарында ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар да бар.

– Ең алдымен, біз үшін ең үлкен қуаныш – енді балаларымыз өздерінің туған ауылынан көршілес елді мекендерге қатынап оқымайтын болды. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына, ал біз үшін жайлы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған заманауи пәндік кабинеттеріміз бар. Атап айтқанда, зертханасы бар физика кабинеті, лингафон кабинеті, информатика кабинеті жабдықталған, барлығында панельді тақталар орнатылған. Мұның бәрі пәнді терең әрі жан-жақты түсінуге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік береді, – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ержан Біржанов.

Бұл пікірге ауыл тұрғыны Бақыт Лебаева да қосылды:

– Бұрынғы мектебіміз ескі болатын. Енді ауыл шағын болса да, балаларымыз бен немерелеріміз үшін кең, жарық, заманауи мектеп салынып отыр. Сонымен қатар мектепте кішкентай балаларға арналған жаңа орталық та бар. Бұл – үлкен қуаныш. Осы іске үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, - деді ол.

11-сынып оқушысы Жаңыл Түркістан да қуанышын жасырмады:

– 9-сыныпқа дейін осы ауылдағы мектепте оқыдым. Алайда мұнда жоғары сыныптар болмағандықтан, Талдықорған қаласына барып, №19 мектепте 10-сыныпты аяқтадым. Жаңа мектеп салынғанына қатты қуанып, үлкен ықыласпен өз ауылыма қайтып келдім. Мектеп маған өте ұнады, қала мектептерінен ешбір айырмашылығы жоқ — бәрі әдемі, жайлы әрі заманға лайық, – деді оқушы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →