×

Икрам Бекжігіт: STEM – білім саласында тиімді басқару модельдерін қалыптастыру және жаһандық тәжірибені бейімдеу

Білім элита үшін емес, мүмкіндікке зәру адам үшін жұмыс істеуі керек

Икрам Бекжігіт: STEM – білім саласында тиімді басқару модельдерін қалыптастыру және жаһандық тәжірибені бейімдеу
Фото предоставлено спикером

Соңғы он жылда Қазақстандағы білім беру жүйесі күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді. БҰҰ мен Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, дамушы елдерде STEM (science, technology, engineering, mathematics) саласы бойынша кадр тапшылығы 2030 жылға қарай 40%-ға дейін өсуі мүмкін. Қазақстанда бұл мәселе әсіресе айқын: Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ауыл мен өңірлердегі мектептердің 30%-дан астамында математика және информатика мұғалімдері жетіспейді. Осындай жағдайда халықаралық тәжірибесі бар, бірнеше елде білім беру жүйесін басқарған қазақстандық сарапшылардың пікірі ерекше маңызды. Солардың бірі – «Білім беру саласының үздігі» республикалық байқауының жеңімпазы, STEM мұғалімі және білім беру саласындағы халықаралық сарапшы Икрам Бекжігітпен Qaz365.kz тілшісі сұхбаттасып қайтқан еді.

– Икрам мырза, бүгінгі таңда STEM-білім неге стратегиялық маңызға ие?

– Себебі STEM – экономикалық бәсекеге қабілеттіліктің негізі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) деректеріне сүйенсек, STEM саласындағы мамандықтарда жұмыс істейтін азаматтардың орташа табысы басқа салаларға қарағанда 60–70 пайызға жоғары. Бұл тек жалақы мәселесі емес, елдің инновациялық әлеуеті мен ұзақ мерзімді экономикалық дамуы туралы әңгіме. Қазақстанда талантты балалар көп, бірақ жүйелі дайындық пен бағыт-бағдар жетіспейді. Менің жұмысымның негізгі мақсаты – сол олқылықтың орнын толтыру.

Икрам Бекжігіт – үш құрлықта білім беру саласында жұмыс істеген санаулы қазақстандық мамандардың бірі. Ол Қазақстанда университет деңгейінде білім беру менеджментін дамытса, Нигерияда халықаралық мектеп желісінде стратегиялық басқару қызметін атқарды, ал қазір АҚШ-та charter school жүйесінде STEM пәндерінен сабақ береді.

– Әртүрлі елдердегі білім жүйелерінен қандай ортақ заңдылық байқадыңыз?

– Барлық елде басты фактор – мұғалім сапасы мен басқару. UNESCO деректеріне сәйкес, білім сапасының 50%-дан астамы мектептегі басқару мәдениесіне байланысты. Егер мектепте немесе университетте жүйелі жоспар, дерекке негізделген шешімдер болмаса, нәтиже де болмайды. 

Қазақстанда Икрам Бекжігіт университет деңгейінде 40 миллион теңгеден астам шәкіртақы мен гранттық бағдарламаларды басқаруға, әлеуметтік осал топтардан шыққан жүздеген студентке қолдау көрсетуге қатысқан. Сонымен қатар, ол студенттердің академиялық үлгерімі мен әлеуметтік белсенділігін қатар бағалайтын Social GPA моделін енгізген. Бұл модель кейін басқа білім беру ұйымдары үшін үлгі ретінде қарастырыла бастады.

– Сіздің педагогикалық философияңыздың өзегі неде?

– Білім элита үшін емес, мүмкіндікке зәру адам үшін жұмыс істеуі керек. АҚШ-та жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, бірінші буын студенттерге сапалы менторлық көрсетілсе, олардың университетті бітіру ықтималдығы 2 есе артады. Мен осы принципті барлық елде ұстанып келемін.

– Қазақстандағы басты проблема мұғалім тапшылығы ма, әлде сапа ма?

– Екеуі де. Бірақ сапа бірінші орында. АҚШ-та жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, бір мықты STEM-мұғалім өмір бойы 250-300 оқушының табысына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұғалімге салынған инвестиция – ең тиімді инвестиция.Қазақстанда мұғалімді тек орындаушы ретінде емес, көшбасшы ретінде қарау керек.

Қазіргі таңда Икрам Бекжігіт АҚШ-та Charter School жүйесінде математика және компьютерлік ғылымдар пәндерінен сабақ береді. АҚШ Білім министрлігінің деректеріне сәйкес, елде соңғы жылдары математика және информатика мұғалімдеріне сұраныс 30%-дан астам өскен.

– АҚШ-тағы жұмысыңыздың басты айырмашылығы неде?

– Мұнда STEM тек пән емес, өмірлік дағды ретінде қарастырылады. Оқушыға “нені білу керек?” дегеннен гөрі, “қалай ойлау керек?” деген сұрақ қойылады. Мен осы философияны қазақстандық тәжірибемен ұштастырып жүрмін.

– Сіз “білім – әлеуметтік лифт” дегенді жиі айтасыз. Бұл нені білдіреді?

– Бұл – білім адамның шыққан ортасына қарамай, мүмкіндігін теңестіруі керек деген ұстаным. АҚШ-тағы зерттеулер көрсеткендей, менторлық пен академиялық бағыт-бағдар алған бірінші буын студенттердің университетті аяқтау мүмкіндігі екі есе жоғары. Бұл принцип Қазақстанға да өте қажет. Оны жүзеге асыру үшін мектеп пен жоғары оқу орындарында ерте кезеңнен бастап жүйелі менторлық бағдарламаларды енгізіп, академиялық қолдауды әлеуметтік саясатпен ұштастыру маңызды.

Икрам Бекжігіт бірнеше рет ұлттық деңгейдегі іріктеу комиссияларына, педагогтарды және студенттерді бағалау процестеріне сарапшы ретінде шақырылған. Бұл – білім беру қауымдастығындағы кәсіби сенімнің айқын көрсеткіші. Ол тек оқытушылық қызметпен шектелмей, білім беру ұйымдарын басқару, шәкіртақы және гранттық бағдарламаларды үйлестіру, академиялық және әлеуметтік саясатты қалыптастыру деңгейінде шешуші рөл атқарған.

Қазақстанда, Африкада және АҚШ-та жұмыс істеген жылдары ол мектеп, университет және халықаралық білім беру ұйымдары деңгейінде жетекші қызметтер атқарып, STEM-білімді дамытуға бағытталған жүйелік шешімдерді енгізді. Халықаралық тәжірибесі, дерекке негізделген басқару тәсілі және әлеуметтік жауапкершілікке құрылған педагогикалық философиясы оны өз саласындағы сирек кездесетін жоғары деңгейлі сарапшылар қатарына қосады.

Редакция STEM-білімді дамытуға қатысты кәсіби әрі терең талдауымен бөліскені үшін Икрам Бекжігітке алғыс білдіреді.

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →