Алматыда Freedom Talk EdTech алаңында білім мен технология саласының мамандары бас қосып, жасанды интеллект оқу жүйесін қалай өзгертетінін, қазірдің өзінде қандай міндеттерді атқарып жатқанын және мектептегі адам мен технологияның ара жігі қай тұста қалай анықталатынын талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Пікірталасқа Bilim Group компаниясының негізін қалаушы, байқау кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы, Freedom Holding Corp.-тың технологиялар жөніндегі бас директоры Ренат Туканов және Bilim Group-тың бас директоры әрі тең құрылтайшысы Александр Савченко қатысты.
Рауан Кенжеханұлы қазіргі білім беру саласының дәстүрлі оқыту үлгісінің заман талабына сай келмейтіні бір түйіткілді мәселе екенін айтты. Оның сөзінше, мектеп жүйесі жүздеген жыл бойы өзгеріссіз, сол баяғы қалыппен келе жатыр. Ал технология осы тығырықтан шығар жол ұсынады.
«Дәстүрлі білім берудің негізгі мәселесі – оның екі жүз жыл бұрынғы үлгімен жұмыс істеуінде. Бір сыныпта шамамен отыз оқушы, бір мұғалім. Ұстаздың әр балаға жеке көңіл бөлуге уақыты жетпейді. Бірі алға озып кетеді, бірі ортада қалады, енді бірі көштің соңында жүреді. Ал әрқайсысына бөлек оқу бағытын беру мүмкін емес», – деді ол.
Кенжеханұлының айтуынша, білімді цифрландырудағы ең өзекті мәселе – жеке білім беру. Яғни бәріне бірдей қарқын мен бір мазмұн ұсыну емес, әр оқушының қабылдау ерекшелігіне, білім деңгейіне, оқу жылдамдығына қарай бейімделген жүйе жасау.
«Әр адам әртүрлі үйренеді. Бірі тез ұғады, бірі баяу түсінеді. Біріне көзбен көріп есте сақтаған ыңғайлы, біріне тыңдап түсіну жеңілірек. Сандық платформалардың міндеті – осы ерекшелікті ескеріп, баланың білім баспалдағын жеке жасау. Қай тұста тұрғанын нақты білсек, оның ілгерілеуін жеделдетуге болады», – деді ол.
Сонымен қатар жасанды интеллект бірегей тапсырмалар әзірлеп, оқу мазмұнын үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді. Бұл қайталауды азайтып, дайын жауапты көшіріп алуға жол бермейді.
Сонымен қатар ол бір жайтты анық айтты: технология мұғалімді алмастырмайды.
«Білім беру – ең алдымен қарым-қатынас. Мұғалім тек білім көзі емес, ол – үлгі, тәрбие беруші тұлға. Технология оның уақытын үнемдеуі мүмкін, бірақ оның орнын баса алмайды», – деді Кенжеханұлы.
Ал Ренат Туканов өз сөзінде жасанды интеллектінің шынайы мүмкіндігіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі жүйелер қанша жерден дамыса да, олар адамша ойлап, сезіне алмайды.
«Қазіргі жасанды интеллект нақты міндеттерді шешуге бейімделген. Қарапайым тілмен айтқанда, ол келесі қадамды не сөзді дәл болжай алады. Бірақ ол адам секілді ойланбайды, сезінбейді. Оның өмірлік тәжірибесі де, эмоциясы да жоқ», – деді ол.
Туканов толық автоматтандыру туралы әңгімелердің көбіне асыра айтылатынын жеткізді. Зерттеулерге сүйенсек, экономикадағы міндеттердің шамамен төрттен бірін ғана автоматтандыруға болады, оның өзінде бәрі бірдей тиімді бола бермейді.
«Сондықтан жасанды интеллектіні әмбебап шешім деп қарауға болмайды. Ол – қуатты құрал. Бірақ адамды түгел алмастыратын күш емес», – деді ол.
Оның пікірінше, Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту экономикалық өсімнің бір бағытына айналуы мүмкін. Бірақ ол үшін жүйелі жобалар мен ұзақ мерзімді жоспар қажет.
Савченконың айтуынша, жекелендіру тек тапсырманың оңай не қиын болуымен шектелмейді. Сабақ мазмұны баланың қызығатын дүниесіне, өзі тұратын өңірге және күнделікті өміріне сай бейімделуі мүмкін.
«Егер тапсырма спортқа, комикске немесе баланың өз ортасына жақын тақырыпқа құрылса, білім әлдеқайда түсінікті әрі өмірмен байланысты болады. Сонда оқуға деген ынта да артады», – деді ол.
Сонымен бірге ол білім платформалары жинайтын деректердің маңызына тоқталды. Жасанды интеллект осы деректерді саралап, ата-ана мен мұғалімге баланың мықты тұсы мен дамытуды қажет ететін қырын анық көрсетіп бере алады.
Пікірталасқа қатысқандардың байламы — Қазақстанда EdTech енді жай тәжірибе емес, білім жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келеді деген ой болды. Технология оқу сапасын көтеріп, білімді көп адамға қолжетімді ете алады. Бірақ ең бастысы – технология мен адам рөлінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Қазір мәселе технология мектепке келе ме, жоқ па деген сұрақта емес. Ол әлдеқашан келді. Енді білім беру жүйесін қалай жаңартамыз? Мәселе осыда. Жасанды интеллект мұғалімнің орнын баса ма, әлде оның жұмысын жеңілдетіп, мүмкіндігін арттыра ма? Freedom Talk EdTech спикерлері технология – көмекші құрал деген тоқтамға келді. Ол мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді, бірақ сыныптағы жанды қарым-қатынас пен ұстаздың жылуын ешбір алгоритм алмастыра алмайды.