Шымкенттегі жатақхана дауына сот нүкте қойды
Шымкентте екі жылға созылған жатақхана дауы студенттердің пайдасына шешілді. «SUNRISE CY» ЖШС — студенттерге жатақхана беріп отырған серіктестік. Шымкент қаласының әкімдігі осы серіктестікке негізсіз айыптар тағып, жатақхана жұмысын тоқтатпақ болған. Бұл жағдайда бәрінен бұрын жатақхана тапшы кезеңде студенттерге қиын болар еді.
Qaz365.kz істің мән-жайын анықтау үшін Шымкент қаласындағы осы мәселені көтерген журналист Әлия Ортаеваға хабарласты.
«Әпше, біз қайда барамыз?»
2023 жылы Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобаны тоқтатты. Сол кезде қалалық басқарма жатақханаға берілген құжаттардың күшін жойды. Алайда 2025 жылдың 24 желтоқсанында Жоғарғы Соттың кассациялық алқасы әкімдіктің шағымын қанағаттандырмай, апелляциялық сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, соңғы шешім жатақхана пайдасына шықты.
Журналист Әлия Ортаева өзінің екі тарапқа да емес, бәрінен бұрын тұрып жатқан баспанасынан айырылып қалуға шақ қалған студенттер жайлы ойлағанын айтты. Оның айтуынша, мәселе тек бір ғимаратпен шектелмейді. Қалада жатақхана тапшылығы бұрыннан бар және ол жылдан-жылға ушығып келеді. Оның дерегінше, 2025 жылдың басындағы болжам бойынша, Шымкенттегі жоғары оқу орындарында 2,5 мыңнан 4 мыңға дейін орын жетіспейді. Бұған қоса, кейбір жатақханалардың тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажет ететін жағдайы ахуалды одан сайын күрделендіріп отыр.
«Шымкентте жатақхана тапшылығы ЖОО-ы студенттері арасында тапшылық басым. 2025 жылдың басындағы болжам бойынша, қаладағы ЖОО-ларда 2,5 мыңнан 4 мыңға дейін орын жетіспеушілігі байқалған. Бұған шаһардағы баз бір жатақханалардың ескірген және күрделі жөндеуді қажет ететін жағдайларды қоссақ, (БАҚ мәліметтеріне сүйеніп отырмын) жағдай күрделілеу. Мысалы бейресми дерек М. Әуезов атындағы университеттің жылу жүйелерінің тозғанын айтады. Былтыр оны жөнделеді деп естідім. ОҚМУ мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының бірнеше жатақханасы кезең-кезеңімен реновациядан өтуде дегенді де былтыр осы мәселе көтерілген сәтте сұрастырып біліп едім», — деді Әлия Ортаева.
Оның айтуынша, студенттер арасында жатақханалардағы санитарлық жағдайға қатысты сын көп. Әсіресе жуынатын бөлмелер мен асханалардың талапқа сай еместігі жиі айтылады. Тағы бір маңызды мәселе – бұрын жатақхана болған, кейін жекешелендірілген ғимараттардың жағдайы. Мысалы, «Қорғасын зауыты» аумағындағы бұрынғы жатақханалар ресми түрде апатты деп танылған. Бірақ қазір онда студенттер емес, қала тұрғындары тұрып жатыр. Бұл мәселе тек статистикамен шектелмейді. Оның артында нақты адамдар, нақты тағдырлар тұр. Әлия Ортаева өзі тұратын жерге жақын орналасқан жатақхана төңірегіндегі жағдайды былай сипаттайды:
«Мен екі тараптың арасындағы жағдайда бейтараппын. Студенттердің жағдайы қатты алаңдатты. Себебі қала әкімдігінің бұзамыз деп мәлімдеген жатақханаларының бірі тап менің үйімнің тұсында қоныс тепкен. Бұл мәселе көтерілгенге дейін жастар ауламызда көптеп отырады. Жұмысқа кірген-шыққанда хал-ахуал сұрасып тұратынбыз. Қалай жағдайларың, деп сұрастыра қалсам, мақтанып отыратын. Бұзылады дегеннен көз таныс жастардың ыпыны ұшып кеткендерін байқадым. Беседкада топырлап кезек кезек әрқайсысы кеште отырады, үйдің жанындағы магазиннен бірдеңе алып жатады. мені көре сала:"Әпше, сіз журналист екенсіз ғой. Айтсаңызшы. Біз қайда барамыз?" деп ұшырасқаны айтып қалып жатты», — деді Әлия Ортаева.
Осы жағдайдан кейін журналист «Ұя бұзған оңбайды, ұя бұзғанның өзі де ұялы болмайды» деген тақырыпта мақала жариялаған. Алайда екі рет жолданған сауалға жауап болмаған. Ол жастардың өзіне жиі келіп, бір сұрақты қайта-қайта қойғанын айтады: «Әпше, жатақхана бұзыла ма?». Журналист студенттерге үміт беруге тырысқан: «Президент жастар жақта. Сендерді далада қалдырып қарап отырмас» деп жауап бергенін жеткізді.
Бұл даудың құқықтық жағы да назардан тыс қалған жоқ. Сот процесі барысында әкімдік тарапының уәждері жеткілікті деңгейде дәлелденбегені айтылды.
«Басқарманың сотта жеңілуі - олардың нысанды қабылдау кезіндегі өз міндеттеріне немқұрайлы қарағанын көрсетеді. Кассациялық алқа атап өткендей, талап қоюшы тарап (Басқарма) өз шағымдарында апелляциялық соттың шешімін жоққа шығаратын бірде-бір салмақты, заңды дәлел келтіре алмағанын көрсетеді», — деді Әлия Ортаева.
Сот қаулысында былай деп жазылған:
«Талап қоюшы мен үшінші тұлғаның кассациялық шағымдарында келтірілген уәждері дәйексіз... жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген».
Ол соттағы басқарманың жеңілісі заңның нақты фактіге сүйенетінін дәлелдегенін айтты.
«Егер барлық құжаттар мен техникалық тексерулер нысанның талапқа сай екенін көрсетсе, бұл әрекетті инвестициялық климатқа кедергі келтіру деп түсінбеске амал жоқ...
Студенттердің жатақхана мәселесі өзекті болып тұрған шақта, дайын тұрған жатақхананың жұмысына қатысты сотпен дәлелденбеген негізсіз уәж айтып, кедергі келтіруге тырысу әкімият тарапынан жасалған қисынсыз қадам. Басқарма мен жеке тұлғаның соттағы жеңілісі заңның эмоция мен күмәнге емес, нақты фактілерге сүйенетінін тағы бір мәрте дәлелдеді», — деді Әлия Ортаева.
«Бастапқы нүктеден бастаймыз»
Шымкент әкімдігі 11 наурызда баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын кезінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұл жағдайға байланысты басқарма басшысының сөгіс алғанын айта кетті. Дегенмен ол алдағы уақытта сәулет-жоспарлау тапсырмасын жою туралы өтінішпен қайта сотқа жүгінетіндерін айтты.
«Былтыр осы басқарманың тарапынан кеткен қателіктерді ескеріп, Нұрбол Жүнісбековке (сол кезде басқарманың басшысы болған) сөгіс жарияланған. Ал енді бүгінгі таңда біз нұсқаманы орындау үшін бастапқы бірінші нүктеден бастайтын боламыз. Яғни қазіргі таңда барлық ресми құжаттарды ресми түрде жолдап, пошта арқылы немесе қолма-қол қолына беріп, қолхатын алып немесе адресатқа жеткізу арқылы біз тыңдаулар өткізетін боламыз. Тыңдауға кәсіпкер келмеген жағдайда бұны біз тіркейтін боламыз. Осы арқылы қайтадан АПЗ-ны жою туралы шешімді заңды етіп табу үшін қажет болған жағдайда қайтадан сотқа жүгінеміз», — деді Сәрсен Құранбек.
Сәрсен Құранбек жатақхананы «тұрғындардың арызына» байланысты тексергендерін атап өтті. Сонымен қатар ол осы мәселеде жалпы жұртқа бар нәрсені жария етіп отырғандарын айтты.
Qaz365.kz жағдайды бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.