×

Айнұр Мұратова: Балалар контенті жеңіл емес, жүрекпен жазуды талап етеді

Балалардың әлемі тап-таза, таңғы шықтай мөп-мөлдір

Айнұр Мұратова: Балалар контенті жеңіл емес, жүрекпен жазуды талап етеді
Фото спикердің жеке мұрағатынан

Қазіргі қоғамда балаларға арналған контенттің сапасы мен мазмұны ерекше маңызға ие. Себебі ол баланың ойлау жүйесіне, тілдік дамуына және эстетикалық талғамына тікелей әсер етеді. Осы тақырып төңірегінде Qaz365.kz тілшісі журналист, балалар жазушысы Айнұр Мұратовамен сұхбаттасты. Ол балалар әлемінің тазалығы, шығармашылық және сапалы контенттің маңызы туралы ой бөлісті.

– Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдер тақырыбына жиі қалам тербеп жүрсіз. Бұл бағытқа қызығушылығыңыз қалай пайда болды?

– Балалардың әлемі тап-таза, таңғы шықтай мөп-мөлдір. Айнала қоршаған дүниені балалар біз сияқты қалыптасқан түсінікпен емес, ерекше әсермен қабылдайды. Кейде үлкендердің байқай бермейтінін бала байқайды және үлкендер сияқты емес, сол көрген дүниесіне мүлде басқа мағына береді. Мені осы тазалық, осы еркіндік қатты қызықтырады. Балаларға арнап жазу оңай көрінгенімен, шын мәнінде ең жауапты бағыттардың бірі дер едім. Себебі балаға арнап жазғанда сен тек оқиға құрап бермейсің, сен оның қиялына, сөзді қабылдауына, жақсылық пен жамандықты айыруына әсер етесің. Балалар басылымындағы жұмысым да бұл жауапкершілікті күн сайын сезіндіреді. Баланың назарын ұстап тұру үшін жеңілдік емес, шынайылық керек екенін сонда анық түсінесің.

– Қазіргі Қазақстанда балалар контентінің дамуын қалай бағалайсыз?

– Қазір балалар контентіне назар бұрынғыдан көбірек аударыла бастады. Түрлі кітаптар шығып жатыр, танымдық жобалар, мультимедиалық өнімдер көбейді. Бұл қоғамның балалар аудиториясының маңызын түсіне бастағанын көрсетеді. Бірақ даму бар екен деп, мәселе толық шешілді деуге болмайды. Өйткені балаға арналған контент, жай ғана көңіл көтеретін өнім емес. Ол болашақ иесі, бүлдіршіндеріміздің  эстетикалық талғамын, сөздік қорын, ойлау мәдениетін қалыптастырады. Кейде біз балаларға арналған дүниені тым жеңілдетіп жібереміз. Ал қазіргі бала өте сергек, сапасыз дүниені тез ажыратады. Сондықтан балаларға арналған контенттің мазмұнының тереңдігіне  мән беру қажет. Жақында әлеуметтік желілердің бірінен «Санамақ» туралы жазылған сыни жазбаны оқып қалдым. Онда «Мына «Санамақ» бүлдіршіндір тіліне сай емес, орыс тіліндегі санамақтар әлдеқайда жеңіл, түсініктірек. Күрделендірмей неге жеңіл жазбасқа»  деген сарындағы ой айтылыпты. Сол кезде жазба авторының кез келген балаға арналып жазылатын шығарманың баланы жан-жақты дамытуға бағытталуы қажеттігін ескермегені байқалады. Мына сөзді бала түсінбейді деп күнделікті қолданып жүрген сөзді ғана  қолдансақ, баланың тілін қалай дамытамыз? Сөздік қорын қалай байытамыз?

– Балалардың шығармашылығы мен контент жасау белсенділігі қоғамға қандай әсер беріп жатыр деп ойлайсыз?

– Балалар қазір тек дайын дүниені тұтынып қана қоймай, өздері де пікір айтып, бейнерилстар жасап, сурет салып, түрлі тақырыпта шығармалар жазып жүр. Бұл – өте маңызды. Өйткені бала ерте жастан өзін жеке ойы бар тұлға ретінде сезіне бастайды. Мұның қоғамға әсері де терең. Еркін ойлайтын, өзін көрсете алатын бала болашақта пікір айтуға қорықпайтын азамат болып қалыптасады. Бірақ осы белсенділікпен бірге ішкі сүзгі, талғам, мазмұн жауапкершілігі қалыптасуы керек. Әйтпесе ақпарат көп болған сайын үстірттік те қатар жүруі мүмкін.

– Қазіргі балалар бұрынғы буынға қарағанда креативті деп айтуға бола ма? Неге?

– Қазіргі балалардың ойлау кеңістігі әлдеқайда кең. Олар бір мезетте бірнеше ақпарат ағынында өмір сүреді, тез салыстырады, тез бейімделеді. Сол себепті идея ұсынуда батылырақ көрінеді. Бұл жағынан олардың креативтілігі анық байқалады. Ал бұрынғы буынның қиялы, таным-түсінігі басқа жағдайда қалыптасты. Яғни, біздің буын табиғатқа жақын, кітап оқитын ұрпақ болатын. Қазіргі балалардың артықшылығы, мүмкіндіктердің көптігінде болса, бұрынғы буынның артықшылығы, сапырылысқан ақпараттан ада болғандықтан асықпайтын сабырлылығанда. Сондықтан бірін бірінен артық деуден гөрі, креативтіліктің сипаты өзгерді деу дұрысырақ.

– Әлеуметтік желілер балалардың дамуына көбірек пайда әкеліп жатыр ма, әлде зиян ба?

– Әлеуметтік желі – жай құрал. Одан баланы толық алыстату мүмкін емес, бәлкім қажет те емес. Өйткені онда пайдалы ақпарат та, жаңа мүмкіндік те, тіл үйрену, шығармашылыққа араласу сияқты пайдалы дағдыларды үйрену жолдары да бар. Әлеуметтік желі балаға жылдам қабылдауды үйретеді, бірақ кейде терең ойлануға мүмкіндік қалдырмайды. Сондықтан ата-ана мен ұстаз балаға тыйым салудан бұрын таңдай білуді үйретулері керек. Ақпаратты тұтыну мәдениеті қалыптаспайынша, кез келген құрал зиянын тигізуі мүмкін.

– Балалар контентінің сапасы туралы не айтасыз? Қазақстанда бұл бағыт жеткілікті дамыған ба?

– Балалар контентінде сапалы дүниелер бар, бірақ олардың саны қоғам сұранысына сәйкес әлі жеткілікті емес. Кейде балаларға арналған дүние дегенде мазмұннан бұрын сыртқы әдемілігіне көбірек мән беріліп кетеді. Ал балалар өте сезімтал. Бала жалған эмоцияны да, үстірт ойды да тез сезеді. Сондықтан балаларға арналған мәтін де, бейнеөнімдер де, анимация да «жеті рет өлшеніп, бір рет кесіліп» демекші, сапалы жасалуы керек. Бұл салада әлі де жүйелі еңбек, кәсіби талап керек деп ойлаймын.

– Қазақстанда балаларға арналған сапалы контентті арттыру үшін не істеу керек?

– Ең алдымен балалар контентін қосымша бағыт емес, ұлттық мәдениеттің стратегиялық бөлігі ретінде қарастыру қажет. Себебі бүгін бала қандай мазмұнмен өссе, ертең қоғамның ойлау деңгейі де соған тәуелді болады. Бұл салада жеке автордың ынтасымен ғана шектелу аз. Жазушы, редактор, суретші, педагог, психолог бірлесе жұмыс істегенде ғана балаға шын мәнінде әсер ететін өнім туады. Сонымен бірге қазақ тіліндегі төл кейіпкерлер мен ұлттық танымға жақын, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін бойына сіңіруге үлес қосатын жаңа мазмұнды көбейту маңызды. Қазақ тіліндегі контент көптеп жасала беруі керек. Саннан сапаға өтеміз.

– Жақында жарық көрген «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағыңыз оқырман тарапынан қалай қабылданды? Сатылымы мен сұранысы қандай болды?

– «Шапшаң тасбақа» жинағы жақында Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған КітапFest  кезінде оқырманға ұсынылды. Сол жерде маған кітапқа деген шынайы қызығушылықты көзбен көру ерекше әсер етті. Жас ата-аналар арнайы іздеп келді, қазақ тілін үйреніп жүрген жастар да назар аударды. Тіпті Қытай мен Таиланд елдерінен келген қонақтардың сатып алуы, әдебиет пен өнерде шекара жоқтығының бір көрінісі болғандай. 

«Шапшаң тасбақа»  былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жарық көріп, 2 ай ішінде толық сатылып кетті. Биыл Наурыз мейрамы қарсаңында оқырмандар сұранысына орай екініш рет басылып шықты. Бұл жолы форматында өзгеріс бар. Яғни, балалар сөмкелеріне салып жүруге ыңғайлы шағын, жеп-жеңіл етіп шығардық. Ал мазмұны бұрынғысынша, ертегілер қазақ және ағылшын тілдерінде, QR-код арқылы аудио және видео нұсқаларын көруге мүмкіндік жасалған. Суреттері қолмен салынған. Балалардың зейінін тұрақтандыру, оқуға ынтасын ояту мақсатында ертегі кейіпкерлерінің суреттеріне ерекше детальдар қостық. Кітап ішінде автордың ата-ана мен балаға хаты және боямақтар қоса ұсынылды.

Негізі қазір әдемі безендірілілген, мұқабалары көз жауын алатын балаларға арналған кітаптар көп. Соған орай бағасы да қымбат. Кез келген отбасының оны алуға мүмкіндігі жете бермейді. «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағын шығару барысында осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып, бағасын барынша қолжетімді етуге назар аудардық. Сондықтан да болар бірінші басылым тез таралды. Және бұлайша жылдам сатылуын балаларға арналған сапалы дүниені іздейтін оқырманның бар екенінің дәлелі деп қабылдадым. Қазіргі ата-ана да, жас оқырман да мазмұнға мән береді. Егер кітап балаға қызық болып қана қоймай, оның ойына, тіліне, қиялына әсер етсе , автор үшін үлкен қуаныш та осы.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →